Munarmedia.kz-23.11.2026ж/Астана/-

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының сатып алуларды әдіснамалық қамтамасыз ету, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембайға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы ақпарат құралдары дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Бұған дейін Қазақстанда «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отынышев сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.

«Нацбанка» Telegram-арнасының жазуынша, «Самұрық-Қазына» қоры Сембайдың ұсталуына қатысты түсініктеме берген. Қор өкілдері бұл істің оның бұрынғы жұмыс орнындағы қызметіне байланысты екенін және Нұрлан Жақыповқа қатысты тергеуге қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Алайда жарияланған ақпаратқа сәйкес, Сембай бұған дейін «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясында сатып алуларды қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарған. Бейресми мәліметтер бойынша, оған 2,08 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдік тағылып отыр.

Қылмыстық іс өткен жылдың сәуір айында тіркелген көрінеді. Осы іске «Тасымалдау процесі дирекциясының» басшысы Владимир Петров пен «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының өндірісті қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Қайрат Қабыловтың да қатысы болуы мүмкін. Екеуі 9 қарашада ұсталған деген ақпарат бар.

Дереккөздердің мәліметінше, тергеу «Silk Way Petroleum» ЖШС-мен жасалған келісімшарттар кезіндегі сатып алу рәсімдерін бұзу және қызмет құнын негізсіз көтеру деректеріне байланысты жүргізіліп жатыр.

«Silk Way Petroleum» компаниясы дизель отыны мен көмірді көтерме саудада сатады. Ол Қазақстандағы ірі жанармай қоймалары желісіне иелік ететін «Торговый дом «ТЭК-Казахстан» тобының құрамына кіреді. Бұл топтың 2001 жылдан бері иесі ретінде Қазақстанның тұңғыш президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев аталады.

Сонымен қатар, Жоғарғы соттың шешімімен «ТЭК-Казахстан» компаниясының бірқатар нысанын жекешелендіру заңсыз деп танылып, 2024 жылы мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланды.

Ескерту: Азамат Сембайға және аталған басқа тұлғаларға қатысты күдік туралы мәліметтер әзірге ақпарат көздерінде жарияланған деректерге негізделген. Олардың кінәсі сот үкімімен дәлелденген жоқ.

#СамұрықҚазына #ҚТЖ #СыбайласЖемқорлық #ҰҚК #ТимурҚұлыбаев #МемлекеттікҚаржы #Қазақстан #MunarMedia