«TikTok-та өзін ҰҚК майорымын деп таныстырған алаяққа сот үкімі шықты»

48

Munarmedia.kz 02.08.2026. ASTANA Петропавл қалалық соты өзін әлеуметтік желілерде түрлі күштік құрылымдардың қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдаған тұрғынға қатысты үкім шығарды.

Сот материалдарына сәйкес, 31 жастағы Дамир Амангелдиев әртүрлі адамдарға өзін Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) майоры ретінде таныстырған. Алайда оның аталған мемлекеттік органдардың ешқайсысында қызмет атқармағаны анықталған.

Тергеу барысында күдіктінің азаматтардың сеніміне кіріп, ақшаға түрлі мәселелерді шешіп беруге уәде еткені белгілі болды. Атап айтқанда, Петропавл қаласының тұрғынына жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеп беретінін айтып, 80 мың теңге алған. Кейбір жәбірленушілерден талап еткен қаржы көлемі 150 мың теңгеге дейін жеткен.

Сонымен қатар сотта алаяқтың TikTok әлеуметтік желісі арқылы танысқан әйелді де алдағаны айтылды. Ол науқас анасы, баласы және қызметтік қиындықтары туралы жалған әңгімелер айтып, әйелдің сеніміне кірген. Нәтижесінде жәбірленуші оған ақша аударып қана қоймай, алтын әшекейлерін де берген. Кейін бұл зергерлік бұйымдар ломбардқа өткізілген. Осы эпизод бойынша келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 700 мың теңгені құрады.

Іс материалдарына сәйкес, сотталушы бұл әрекеттерді пробациялық бақылауда жүрген кезінде жасаған.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзіне қатаң жаза қолданбауды сұраған. Алайда сот оның қауіпті қайталанған қылмыс жасағанын ескеріп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Петропавл қалалық сотының үкімімен Дамир Амангелдиев бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бұдан бөлек, сот оны жәбірленушілердің біріне 620 мың теңгеге жуық материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

#MunarMedia #ASTANA #Петропавл #СҚО #Сот #Алаяқтық #TikTok #ҰҚК #Қылмыс #Қазақстан