Munarmedia.kz.07.10.2026.ASTANA-АҚШ президенті Дональд Трамп Арканзас штатының сенаторы, республикашыл Том Коттонды сағат ауыстыруды тоқтатуға бағытталған заң жобасын қолдауға шақырып, жұртшылықты сенаторға қоңырау шалуға үндеді. Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында Коттонға тиесілі деп көрсеткен телефон нөмірін де жариялаған. Алайда бұл нөмірдің шынымен сенатордың жеке телефоны екені ресми түрде расталған жоқ.
Дау АҚШ-та жылына екі рет сағат тілін бір сағатқа алға немесе артқа жылжытуды тоқтатып, жазғы уақытты тұрақты енгізуді көздейтін Sunshine Protection Act заң жобасына байланысты туындап отыр.
Трамп Арканзас тұрғындарына Коттонға хабарласып, заң жобасын қолдауға көндіруді ұсынды. Президенттің айтуынша, сенатордың қарсылығы құжаттың Сенатта қаралуына кедергі болып отыр.
Ал Том Коттон бұл бастамаға бұрыннан қарсылық білдіріп келеді. Оның негізгі уәжі — қыс мезгілінде тұрақты жазғы уақыт енгізілсе, таңның атуы тым кешігуі мүмкін. Сенатор әсіресе балалардың мектепке қараңғы уақытта баруына алаңдайды.
«Арканзастықтар балаларын қараңғы түнекте мектепке жібергісі келмейді», — деп жазды Коттон.
Заң жобасын АҚШ Өкілдер палатасы шілде айында 308 дауысқа қарсы 117 дауыспен мақұлдаған. Бірақ Сенатта оған қарсылық бар, сондықтан құжаттың әрі қарайғы тағдыры белгісіз.
Трамп болса, тұрақты жазғы уақыт кешкі мезгілде күн жарығын ұзағырақ сақтауға мүмкіндік беретінін алға тартады. Президент мұның спортқа, ауыл шаруашылығына және қоғамдық қауіпсіздікке пайдасы болуы мүмкін екенін айтқан. Ол тіпті кешкі уақытта гольф ойнауға көбірек мүмкіндік болатынын да атап өткен.
Оқиғаның тағы бір қызық тұсы — Трамп жариялаған нөмірдің кімге тиесілі екені әзірге анық емес. Reuters журналистері оған қоңырау шалған кезде сенатордың аты-жөні көрсетілмейтін, бірақ толып қалған дауыстық поштаға түскен. АҚШ-тағы басқа журналистер де нөмірге хабарласып көргенімен, оның Коттонның жеке телефоны екеніне нақты дәлел табылмаған.
Осылайша, АҚШ-тағы «сағатты тоқтату» мәселесі техникалық сипаттағы заң жобасынан гөрі саяси пікірталастың бір бөлігіне айналып отыр. Бір тарап кешкі жарықтың ұзақ сақталғанын қаласа, екінші тарап қысқы таңның тым кеш атуы балалар мен жұмысқа ерте шығатын адамдар үшін қолайсыз болуы мүмкін деп санайды.
#Munarmedia #АҚШ #ДональдТрамп #ТомКоттон #Сағат #ЖазғыУақыт #SunshineProtectionAct #Саясат #Америка #Жаңалық