Munarmedia.kz. 12.10.2026. ASTANA-Астанада түнгі уақытта тұрғын үйлердің маңында қатты музыка қосып, отшашу ататын азаматтарға қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Қала прокуратурасы мұндай әрекеттер үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі — ұсақ бұзақылық бойынша жауапқа тарту тәжірибесін енгізген.
Прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін 26 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 19 адам 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынған. Ал 14 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған алты әйел мен бір кәмелетке толмаған азаматқа айыппұл салынған.
Соңғы уақытта туған күн иелерін түнде тұрғын үйлердің маңында қатты музыка қосып, отшашу ату арқылы құттықтау жиілеген. Мұндай әрекеттер автокөліктердің дабыл жүйелерінің жаппай іске қосылуына әкеліп, тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.
Сонымен қатар түнгі уақытта, адамдар көп жиналған жерлерде, тұрғын үйлер мен көліктердің маңында пиротехникалық бұйымдарды қолдану өрт шығу қаупін арттырып, адамдардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мүлкіне зиян келтіруі мүмкін.
Астана қаласының прокуратурасы тұрғындарды өзгелердің тыныштығын құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.
#Munarmedia #Астана #ҚоғамдықТәртіп #Прокуратура #Отшашу #ӘкімшілікЖауапкершілік