Munarmedia.kz-27.11.2026ж/Астана/-АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (USAID) 2017–2023 жылдары Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда Ресей мен Қытайдың ақпараттық ықпалына қарсы жобаларға 30 миллион доллар бөлген. Бұл мәлімет агенттіктің интернетке жарияланған қызметтік құжаттарынан белгілі болды.

Құжаттарда бұл қаржы аталған елдерде жалған ақпараттың таралуына қарсы күреске, медиасауаттылықты арттыруға және тәуелсіз журналистиканы дамытуға бағытталғаны көрсетілген.

Қаражаттың бөлінуі мынадай:

  • 15 миллион доллар – «MediaCAMP» бағдарламасына;
  • 10,6 миллион доллар – Қырғызстандағы «Media-K» бағдарламасына;
  • 4 миллион доллар – өзге жобаларға жұмсалған.

Қазақстанға қатысты құжаттарда негізгі жоба ретінде «Central Asia Media Program» (MediaCAMP) аталады. Оны америкалық Internews ұйымы 2018 жылдың қазанынан 2023 жылдың қыркүйегіне дейін жүзеге асырған. Бағдарламаның Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанға арналған жалпы бюджеті 15 миллион доллар болған.

Құжаттарда Sputnik пен RT сияқты орыс тілді ақпарат құралдары Орталық Азиядағы жергілікті БАҚ үшін негізгі контент көздерінің бірі ретінде көрсетілген. USAID Ресей телеарналарының 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларына қатысты агенттікті айыптағанын да жеке атап өткен.

Сонымен қатар құжаттарда Қазақстан мен Өзбекстанның медиасауаттылық пен журналистиканы дамытуға АҚШ-тан көмек сұрағаны жазылған.

2022 жылғы есепте Орталық Азиядағы журналистерге арнайы жабдықтар беру жоспары да айтылған. Агенттік бұл журналистер өз елдеріндегі билік тарапынан цензуралық қысымға ұшырайтынын алға тартқан.

USAID жергілікті тәуелсіз ақпарат құралдары мен контент жасаушыларға қаржылай және техникалық қолдау көрсеткен. Мұндағы мақсат – олардың материалдарын жалған ақпаратқа қарсы балама ақпарат көзі ретінде дамыту.

Америкалық стратегияның тағы бір бағыты – жергілікті тәуелсіз БАҚ үлесін арттыру болған. Құжаттарда Ресей медиасының материалдары аймақтағы редакциялар арасында кеңінен қолданылатыны, ал АҚШ тарапы батыстық ақпарат көздеріне де осындай қолжетімділік жасауды көздегені жазылған.

2023 жылдың қазанында Орталық Азияда фактчекинг ұйымын құру және блогерлердің көмегімен жастар коалицияларын қалыптастыру жөніндегі жаңа бағдарламаны іске қосу жоспарланған.

Қырғызстандағы «Media-K» бағдарламасына 2017–2022 жылдары 10,6 миллион доллар бөлінген. Оның аясында Factcheck.kg жобасы мен интернеттегі бот-фермаларды зерттейтін топқа қолдау көрсетілген. Құжаттарда 2021 жылы 66 адам қатысқан медиасауаттылық вебинарына 60 мың доллар жұмсалғаны да көрсетілген.

USAID-тің Telegram желісіне қатысты ішкі есебінде Қырғызстандағы «Ачуу Чындык» арнасы аталады. Агенттік қауіпсіздік қызметінің бағалауынша, Telegram-арналар белгілі бір ортада қоғамдық пікір қалыптастыруға ықпал ете алады. Аталған арнада USAID-тің Қырғызстандағы миссия басшысы Сара Верттің ЦРУ және америкалық әскери құрылымдармен ықтимал байланысы туралы ақпарат жарияланған.

Қалған 4 миллион доллар 2021 жылға дейін жұмсалған. Алайда құжаттарда бұл қаражаттың нақты қандай мақсаттарға және қай жылы бөлінгені толық көрсетілмеген.

Салыстыру үшін айта кетсек, Беларусь, Грузия және Украинадағы медиа жобаларға бөлінген қаржы көлемі 15–25 миллион долларға дейін жеткен.

Бірқатар шолушылар құжаттардың жария болуын АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінің демократиялық партияға жақын ақпараттық ықпал ету құрылымдарына қарсы әрекетімен байланыстырады.

Аталған материалдар USAID-тің ресми сайтында және агенттік құжаттарының көшірмесі жарияланған арнайы интернет-ресурста орналастырылған.

#Munarmedia #USAID #Қазақстан #ОрталықАзия #АҚШ #АқпараттықСаясат #Медиасауаттылық #Журналистика