Munarmedia.kz 02.08.2026. ASTANA Америкалық Visa төлем жүйесі компаниясы шығындарды оңтайландыру және жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу аясында қызметкерлерінің шамамен 7 пайызын, яғни 2 600-ге жуық адамды қысқартуды жоспарлап отыр.
Компания мәліметінше, кадрлық өзгерістер ең алдымен технологиялық және өнім әзірлеумен айналысатын бөлімшелерге әсер етеді. Visa басшылығы бұл шешімнің басты мақсаты – төлем жүйесінің тиімділігін арттыру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану екенін атап өтті.
Соңғы жылдары жасанды интеллектіні енгізу бағдарламалық өнімдерді әзірлеу үдерісін жеделдетіп, көптеген қайталанатын міндеттерді автоматтандыруға мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде бірқатар лауазымдарға деген қажеттілік азайған.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай үрдіс тек Visa-мен шектелмейді. Қаржы технологиялары саласындағы ірі компаниялар да бизнес-процестерді қайта құрылымдап, инвестицияларын жаңа технологияларға бағыттап жатыр.
Мәселен, Mastercard компаниясы корпоративтік инвестицияларды қайта бөлу мақсатында әлем бойынша қызметкерлерінің 4 пайызын қысқартатынын мәлімдеді. Ал финтех саласындағы Block компаниясы жұмыс орындарының санын едәуір азайтып, шамамен 4 мың қызметкермен еңбек қатынасын тоқтатуды жоспарлап отыр.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы алдағы жылдары қаржы және технология секторындағы еңбек нарығына елеулі ықпал етуі мүмкін.
#MunarMedia #ASTANA #Visa #Mastercard #Block #ЖасандыИнтеллект #Экономика #Қаржы #АҚШ #Технология