Wildberries қоймаларындағы шабуылдар: 100-ден астам қазақстандық сатушы 1 млрд теңгеден астам шығынға ұшырады

58


Munarmedia.kz 02.08.2026. ASTANA Wildberries маркетплейсінің қоймаларына жасалған шабуылдар салдарынан 100-ден астам қазақстандық сатушының тауары жоғалып, алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 1 миллиард теңгеден асты.

Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» мәлімдеді. Палатаның мәліметінше, қазіргі уақытта зардап шеккен кәсіпкерлердің толық тізімі мен нақты материалдық шығын көлемі әлі де нақтыланып жатыр.

Осыған байланысты «Атамекен» ҚР Сауда және интеграция министрлігіне ресми сауал жолдап, қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және өтемақы төлеу рәсімдерін жеделдету үшін мемлекетаралық ынтымақтастық тетіктерін пайдалануды ұсынды.

Сонымен қатар палата Wildberries басшылығы мен отандық кәсіпкерлердің қатысуымен арнайы диалог алаңын құру бастамасын көтерді. Бұл алаңда шығынды өтеу, логистикалық мәселелер және маркетплейс жұмысына қатысты өзекті мәселелерді талқылау ұсынылған.

Өз кезегінде Wildberries компаниясы зардап шеккен сатушыларға қаржылық өтемақымен қатар бірқатар қосымша қолдау шараларын ұсынып отырғанын хабарлады. Атап айтқанда, өңірлік қоймаларға тегін транзиттік жеткізу, тауарларды сақтау қызметіне жеңілдіктер беру, сондай-ақ жекелеген сату модельдері бойынша сатып алушыларға ұсынылатын жеңілдіктерді компания есебінен ұлғайту көзделген.

Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты өтемақы төлеу және шығын көлемін нақтылау жұмыстары жалғасуда.

#MunarMedia #ASTANA #Wildberries #Атамекен #Кәсіпкерлер #Маркетплейс #Бизнес #Экономика #Қазақстан #Өтемақы