Жасанды интеллект — тек технология ғана емес, ол біздің өмірімізді түбегейлі өзгерте алатын құрал.Жасанды интеллект қазіргі таңда біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып, көптеген салаларды түбегейлі өзгертуде. Ол ғылым мен өндірістен бастап, медицина, білім беру, тіпті күнделікті өміріміздегі әдеттерімізге дейін барлық салаға ықпал етуде. Бірнеше жыл бұрын жасанды интеллект тек фантастикалық әңгімелерде кездесетін қиял болса, бүгінгі күні ол жаһандық үрдіс болып отыр. Алдағы онжылдықта ЖИ қандай өзгерістер әкеледі? Бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен, оның пайда болу тарихына қысқаша тоқталып өтейік.
Жасанды интеллект туралы алғашқы идеялар ХХ ғасырдың ортасында пайда болды. 1956 жылы АҚШ-тағы Дартмут колледжінде өткен конференцияда американдық ғалым Джон Маккарти алғаш рет "жасанды интеллект" ұғымын енгізді. Сол уақыттан бері, ЖИ технологиялары жоғары нәтижелер мен тоқырау кезеңдерін бастан кешірді.
1960-1970 жылдар аралығында жасанды интеллект саласында көптеген зерттеулер жүргізілді, бірақ олар көбінесе теориялық деңгейде қалды. Тек ХХ ғасырдың соңына қарай, компьютерлік қуаттылықтардың өсуі және деректерді өңдеу технологияларының жетілдірілуімен ЖИ алғашқы нақты жетістіктерге қол жеткізе бастады. 1997 жылы IBM компаниясының "Deep Blue" шахмат бағдарламасы әлем чемпионы Гарри Каспаровты жеңіп, жасанды интеллект тарихында маңызды оқиға болды.
ХХІ ғасырдың басында жасанды интеллект технологиялары жаңа серпін алады. Машиналық оқыту, үлкен деректерді талдау және нейрондық желілердің дамуы бұл салаға айтарлықтай өзгерістер әкелді. Бұл технологиялар жасанды интеллекттің шынайы өмірде қолданылуын едәуір жақсартты.
Нейрожүйенің қазіргі рөлі: қолданыс ауқымы
Бүгінгі таңда нейрожүйені ерекше, сирек құбылыс деп атау қиын. Ол біздің күнделікті өмірімізде кеңінен қолданылуда: мысалы, сіз көретін фильмдерді ұсынатын алгоритмдерден бастап, медициналық диагностика және банк жүйелеріндегі аналитикалық шешімдерге дейінгі аралықты қамтиды.
McKinsey зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, әлемдегі ірі кәсіпорындардың шамамен 50%-ы өз жұмыс процестерінде жасанды интеллектті енгізіп үлгерген. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді. PwC компаниясы жасаған болжам бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллекттің жаһандық экономикаға қосқан үлесі шамамен 15,7 трлн долларды құрауы мүмкін.
Сондай-ақ, америкалық Gartner зерттеу компаниясының деректері бойынша, 2023 жылы әлемдегі кәсіпорындардың шамамен 37%-ы жасанды интеллект мүмкіндігін белсенді қолдануда. Сонымен қатар, Siri, Alexa сияқты түрлі дауыстық көмекшілерді қолданатын адамдардың саны 1,5 миллиардқа жеткен.
Әр жыл сайын жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданатын адамдар мен компаниялардың саны артып келеді. Мәселен, 2022 жылы жүргізілген сауалнама нәтижесінде дамыған елдердегі тұтынушылардың 77%-ы жасанды интеллектпен қандай да бір түрде өзара әрекеттескендерін айтқан. Бұл ЖИ технологияларының кеңінен қолданыла бастағанын айғақтайды.
ЖИ даму бағыттары
Жасанды интеллект алдағы онжылдықта көптеген салаларға әсер ететін болады. Солардың кейбір маңызды бағыттары:
Автономды жүйелер. Алдағы онжылдықта автономды жүйелер, атап айтқанда, жүргізушісіз автокөліктер, дрондар және роботтар, кеңінен қолданысқа енеді. Бұл технологиялар көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және құрылыс сияқты салаларға түбегейлі өзгерістер енгізуі мүмкін. Мысалы, Tesla мен Google компаниялары жүргізушісіз автокөліктерді коммерциялық мақсатта енгізуді жоспарлап отыр.
Медицина. Қазіргі кезде жасанды интеллект дәрігерлерге ауруларды диагностикалауға көмектесіп қана қоймай, науқастардың денсаулық жағдайын болжау мүмкіндігіне ие болды. Болашақта медицинада әр науқасқа жеке емдеу жоспары ұсынылатын бағыт дамып, ЖИ бұл процестің ажырамас бөлігіне айналмақ.
Білім беру. Жасанды интеллект білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге қабілетті. Нейрожүйе оқушылар мен студенттердің білім деңгейіне қарай оқу бағдарламаларын бейімдеп, білім беру үдерісін жекелендіре алады. Виртуалды мұғалімдер мен оқыту бағдарламалары білім алуды жеңіл әрі қолжетімді етпек.
Киберқауіпсіздік. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етеді. Жасанды интеллект осы салада да маңызды рөл атқарып, кибершабуылдарды болжау және олардың алдын алу шараларын жүзеге асыруға көмектеседі.
Этика және заңнамалық реттеу. Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы оның этикалық аспектілерін реттеуді талап етеді. Жасанды интеллекттің дұрыс пайдаланылуы, деректердің қауіпсіздігі және жеке өмірдің құпиялылығы болашақта басты назарда болмақ. Көптеген елдер нейрожүйені реттейтін жаңа заңдар мен стандарттарды қабылдауды жоспарлап отыр.
Нейрожүйеге артылған үміт зор
Жасанды интеллект дамуы медицина, білім беру, көлік және басқа да көптеген салаларда өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартады. Жақын болашақта ЖИ адамдардың күнделікті шешімдер қабылдауына және көптеген рутиналық процестерді автоматтандыруға көмектесетін болады.
Әлемдік PwC компаниясының болжамдарына сәйкес, 2030 жылға қарай ЖИ қолдану дүниежүзілік экономиканы 14%-ға арттыруы мүмкін. Жасанды интеллект кәсіпорындарға шығындарды азайтуға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беріп, жалпы экономикалық дамуды жеделдетеді. Осы орайда, ЖИ дамуы жаңа жұмыс орындарын тудыратын болады. Жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және қызмет көрсету бйынша жаңа мамандықтар пайда болмақ. Дегенмен бұл кейбір дәстүрлі мамандықтардың жойылуына алып келуі мүмкін.
Алдағы онжылдықта біз адам мен жасанды интеллекттің сәтті ынтымақтастығының көптеген мысалдарын көретін боламыз. ЖИ адамдарды ауыстырмай, керісінше, оларға күрделі тапсырмаларды орындауда көмектесетін құрал ретінде әрекет ететін болады. Бұл өз кезегінде үдерістерді жеделдетіп, шешім қабылдау дәлдігін арттырады.
Жасанды интеллект — тек технология ғана емес, ол біздің өмірімізді түбегейлі өзгерте алатын құрал. Алдағы онжылдықтар жасанды интеллекттің жаңа салаларға енуіне, қоғам мен экономикаға әсер етуіне куә болмақ. Осылайша, ЖИ адамзаттың болашағын жарқын әрі көпқырлы ететін жаңа кезеңге жол ашады. Ең бастысы, бұл технологияны саналы түрде және жауапкершілікпен пайдалану қажет, сонда ғана ол адамзатқа пайдалы болмақ.