Munarmedia.kz.19.11.2026.ASTANA   Airbus компаниясының Global Market Forecast болжамына сәйкес, 2045 жылға қарай Орталық Азия елдеріндегі жүк тасымалдайтын ұшақтар паркі 450 әуе кемесіне дейін ұлғаяды.

Бұл – 2025 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 290 ұшаққа артық. Яғни, алдағы 20 жылда жүк ұшақтарының саны 2,8 есе өсуі мүмкін.

Компания болжамынша, осы кезеңде өңірдегі әуе жолаушыларының саны да үш есеге артады.

Airbus мұндай өсімге бірнеше фактор әсер ететінін атап өтеді. Атап айтқанда, Орталық Азия халқының саны 23 миллион адамға көбейіп, орта тап өкілдерінің саны 80 миллионнан асады деп күтілуде. Бұл әуе қатынасына және жүк тасымалына деген сұранысты арттыруы мүмкін.

Қазір Орталық Азия елдері 130-дан астам коммерциялық әуе кемесін жеткізуді күтіп отыр. Алайда Airbus болжамында ұшақтардың жекелеген мемлекеттер бойынша бөлінісі көрсетілмеген.

Айта кетейік, 2025 жылы Орталық Азияның бес еліндегі әуе компаниялары 31,7 миллион жолаушы тасымалдаған. Сонымен қатар әуе арқылы жеткізілген жүк көлемі 335,7 мың тоннаға жеткен.

#ОрталықАзия #Airbus #Авиация #ӘуеТасымалы #Логистика #Экономика #Munarmedia