Munarmedia.kz.19.11.2026.ASTANA

АҚШ Иранмен байланысты қару-жарақ пен қос мақсатта пайдаланылатын тауарлардың тасымалын бақылау үшін «Iron Gate» атты арнайы жұмыс тобын құрмақ. Бұл бастама Каспий теңізіндегі көлік бағыттарын да қамтитындықтан, Орталық Азия елдерінің экономикалық мүдделеріне әсер етуі ықтимал.

Gulf News басылымының хабарлауынша, АҚШ әскери күштері Иран қаруының, қос мақсатта қолданылатын материалдардың және санкцияларды айналып өтуге қатысы болуы мүмкін өзге де қаржы көздерінің қозғалысын бақылауды көздейді.

«Central Asia – Cronos» басылымының жазуынша, АҚШ-тың Каспий теңізінде әскери база орналастыруы екіталай. Алайда Вашингтон Каспий арқылы өтетін ықтимал қару-жарақ пен санкцияға іліккен материалдар тасымалын қадағалауды жоспарлап отыр.

Шамамен 20 адамнан тұратын «Iron Gate» тобы Флорида штатындағы Тампа қаласында орналасады. АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, оның міндеті – заманауи қару-жарақ, қос мақсатта пайдаланылатын технологиялар мен санкцияға іліккен материалдардың жеткізілуін, сондай-ақ заңсыз деп танылған қаржы ағындарын анықтауға және тоқтатуға көмектесу.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, жаңа топ АҚШ Қаржы министрлігімен, Мемлекеттік департаментпен, Әділет министрлігімен және барлау құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істейді деп күтілуде.

Орталық Азия елдеріне қандай қауіп бар?

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама Каспий теңізіне тікелей шығатын Қазақстан мен Түрікменстанның ғана емес, Иранмен сауда байланысы бар өзге де өңір мемлекеттерінің мүдделеріне әсер етуі мүмкін.

Әсіресе Қазақстан мен Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүшелігіне назар аударылып отыр. Өйткені ЕАЭО мен Иран арасында еркін сауда туралы келісім бар. Демек, Иранмен заңды сауда жүргізетін кәсіпорындар үшін тасымал бағыттарының тұрақтылығы мен санкциялық талаптарды сақтау мәселесі күрделене түсуі ықтимал.

Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранмен сауда бағыттарын бақылау жоспарын шиеленісті күшейтетін арандатушылық әрекет деп бағалады.

Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Вашингтонның санкциялық қысымды күшейту саясатын іс жүзінде әскери ықпал ету шараларымен теңестіріп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл Каспий маңы мемлекеттерінің егемен құқықтары мен мүдделеріне ашық қауіп төндіреді. Мәскеу Каспий аймағының қауіпсіздігі тек бес жағалау мемлекетінің – Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран және Түрікменстанның құзыретінде болуы керектігін алға тартады.

Ал Reuters агенттігіне түсініктеме берген Қытай тарапы мұндай жағдайдан хабарсыз екенін мәлімдеп, Қытайды Таяу Шығыстағы соғысқа қатысы бар тарап ретінде көрсету әрекеттеріне қарсылық білдірді.

Қытай бағытындағы сауда да қысымға ұшырауы мүмкін

«Нерушимые – новости ЦА» Telegram-арнасының бағалауынша, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес жағдайында Орталық Азия үшін Қытай арқылы өтетін сауда бағыттары осал болуы мүмкін.

Арна авторларының пікірінше, Ресей мен Иран Каспий теңізі арқылы тікелей байланысқандықтан, Ресейден келетін жүк тасымалына шектеулердің әсері өзгеше болуы ықтимал. Ал Қытайдың Иранмен сауда көлемін Қазақстан мен Түрікменстан арқылы арттыруы өңір үшін жаңа тәуекелдер туғызады.

Егер АҚШ қысымы салдарынан осы бағыттар да шектелсе, Қазақстан мен Түрікменстанның транзиттік және сауда-экономикалық мүдделеріне елеулі нұқсан келуі мүмкін.

Бұл жерде негізгі мәселе – АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялық саясатының Орталық Азиядағы заңды сауда мен транзитке қаншалықты әсер ететіні. Әзірге «Iron Gate» тобының нақты бақылау тетіктері мен Каспийдегі қызметінің ауқымы толық айқындалған жоқ.

#Қазақстан #ОрталықАзия #АҚШ #Иран #КаспийТеңізі #Санкция #Қытай #Транзит #ЕАЭО #Munarmedia