Munarmedia.kz.19.11.2026.ASTANA   2026 жылғы 17 қарашада Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ тілінің нормаларын жетілдіру мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің орынбасары Ерлан Қарин төрағалық етті. Ол қазақ тілінің нормативтік негіздерін жүйелеу және оның одан әрі дамуын қамтамасыз ету бағытында жаңа ғылыми, ұйымдастырушылық және технологиялық міндеттер тұрғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазақ тілінің нормаларын жетілдірудің тұрақты жүйесін қалыптастыру, тілдік ережелердің көпшілікке қолжетімділігін арттыру және қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға ерекше назар аудару қажет. Бұл жұмыс ғылыми зерттеулер мен отандық ғалымдардың еңбектеріне сүйенуі тиіс.

Жиында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Зейнеп Базарбаева, Шерубай Құрманбайұлы, Дихан Қамзабекұлы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан және «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы баяндама жасады.

Қатысушылар мемлекеттік және ұлттық ұстанымдардың емле ережелерін қалыптастырудағы рөлін, отандық ғылым тілін дамытуды және терминологияны біріздендірудің өзекті мәселелерін талқылады.

Қазақ тілінің емле жүйесін жетілдіру мен ғылыми терминдерді біріздендіру – оның қоғамдық қолданысын кеңейтумен қатар, ғылым мен білім саласындағы әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды міндеттердің бірі.

#ҚазақТілі #ТілНормасы #ҚазақҒылымы #Терминология #ЕмлеЕрежесі #Munarmedia