Munarmedia.kz.19.11.2026.ASTANA   Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) кешенді тексеру жүргізеді. Бұған бір ай ішінде университеттің екі бірінші курс студентінің қайтыс болуы себеп болған.

Министрліктің мәліметінше, университетке арнайы мониторинг тобы жіберіледі. Топ студенттердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілгенін тексеріп, оқу орнындағы тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін бағалайды.

«Студенттер арасындағы жанжалдарды анықтау және алдын алу тетіктеріне, олардың өтініштеріне дер кезінде жауап беруге және психологиялық көмек көрсетуге ерекше назар аударылады», – деп хабарлады министрлік.

Сонымен қатар Ғылым министрлігі Алматы қаласының Жастар саясаты басқармасымен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құрған. Оның құрамына прокуратура, полиция, балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, психологтар мен қоғам белсенділері кірді.

Жұмыс тобы Алматыдағы студенттер жатақханаларын аралап, жастармен кездесулер өткізеді.

Министрліктің мәлімдеуінше, негізгі мақсат – студенттер арасында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, қауіп-қатер факторларын дер кезінде анықтау, жанжалдардың, девиантты және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу. Сондай-ақ жастар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру көзделген.

Тексеру қорытындысы бойынша студенттер арасындағы қауіпсіздікті күшейту және профилактикалық жұмыстар жүйесін жетілдіру жөнінде қосымша шаралар әзірленеді.

ҚазҰУ-дегі қайғылы оқиғалар

Еске салайық, 16 қарашада ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейін Алматы полициясы күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Осы оқиғадан кейін университет басшылығы проректор мен факультет деканын қызметінен босатты. Сонымен қатар қайғылы жағдай болған күні кезекшілікте тұрған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.

Бұған дейін, 6 қарашада ҚазҰУ студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қыз қайтыс болған еді. Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, оқиғаның мән-жайы туралы толық ақпарат жариялаған жоқ.

Бір айға жетпейтін уақытта екі студенттің қаза табуы жоғары оқу орындарындағы жастар қауіпсіздігі, жатақханалардағы бақылау және психологиялық қолдау жүйесінің тиімділігі мәселесін қайта көтерді.

#ҚазҰУ #СтуденттерҚауіпсіздігі #ҒылымМинистрлігі #Алматы #ЖоғарыБілім #ЗаңЖәнеТәртіп #Munarmedia