Munarmedia.kz 09.01.2026 /Астана/ Алматылықтар Сенатқа ұжымдық шағым жолдап, көмірлі ЖЭО-2 қызметіне қатысты нақты шаралар қабылдауды сұрады. Қоғам белсенділерінің айтуынша, аталған станцияның жұмысы қаладағы ауаның ластануымен тікелей байланысты.
Өтініште қала тұрғындарының қою смогқа жиі тап болатыны, пәтерлерін желдете алмайтыны және денсаулық жағдайының нашарлап бара жатқанын байқайтыны айтылған. Олардың сөзінше, әсіресе суық мезгілде зиянды шығарындыларды көзбен анық көруге болады.
Шағым атмосфералық ауаның ластану фактісі бойынша жолданған. Өтініш иелері бұл ластанудың негізгі көзі ретінде ЖЭО-2-ні көрсетіп отыр.
Құжатта бірқатар талаптар қамтылған, атап айтқанда:
🔸 тәуелсіз экологиялық сараптама жүргізу және оның нәтижелерін көпшілікке ашық жариялау;
🔸 қала аумағында көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО-ны пайдаланудың заңдылығына құқықтық баға беру;
🔸 жауапты лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін белгілеу;
🔸 көмірлі станцияны кезең-кезеңімен жабу жөнінде шешім қабылдау;
🔸 нақты мерзімдер көрсетіле отырып, баламалы энергия көздеріне көшу.
Фото: pixabay