Депутат Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс Министрі Руслан Жақсылықовқа әскердегі ахуалдың ушыққанына байланысты депутаттық сауал жолдады.
Жауырды жаба тоқығанмен, жараның жазылмайтыны белгілі. Оның айғағы – бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан, – деді депутат.
2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгер Ербаян Мұхтарбасынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкершіліктен жалтарып «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Жақындары енді сарбазды шетелде емдетпек. Оған қаражат жинап берген тағы да – халық, – деді депутат.
7 қыркүйек күні Ақтаудағы горнизонда сарбаз Марат Барқұлов көз жұмды.
Оны офицер атып тастаған. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ зерттеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», – деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр. Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Әскердегі әлімжеттік мәселесін "AMANAT" партиясы 2022 жылы көтергенін, алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кеткенін айтқан депутат әскери қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы төмен екенін де айтып өтті.
Қорыта келе, Сізден келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю жәнеоның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау. Әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту, – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Ерұлан Қайрат