Бұл туралы «Әділ сөз» баспасөз қорғау ұйымы хабарлады.
Журналистер аккредитациядан өткізу туралы жаңа ереже сөз бостандығы мен ақпарат тарату құқығына қайшы деп есептейді.
«Анонимді арналардың көбейген уақытында кәсіби журналистердің авторлық контентіне шектеу қою — ақымақтық. Кәсіби журналистердің жұмысын қиындататын бұл қисынсыз талап жойылады деген сенімдемін», — дейді журналист Тамара Вааль.
Мәселе «Журналистерді аккредитациялау ережесін» бекіту туралы жаңа бұйрықтан туындаған.
Ереже бойынша екі рет шарт бұзылса, журналист 6 айға аккредитациядан айырылады.
«Талапкерлердің пікірінше, бұл талап Қазақстан Республикасы Конституциясының 20, 39-баптарына және «Масс-медиа туралы» заңына қайшы келеді, олардың ақпаратты еркін алу мен таратуға конституциялық құқығын шектейді», — деп жазылған «Әділ сөз» хабарламасында.
Журналистердің шағымын Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты қабылдады.