Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Депутат Қазыбек Иса құқық органдарының басшыларына сауал жолдады

202

Қылмыскерлер үймен бірге министрдің бақылауын да өртеп жіберді?! - Қазыбек Иса

Министрдің бақылауынан қылмыскерлердің бақылауы күшті болып тұр...

Енді Бас прокурордың бақылауы қалай болар екен?!.

Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Б.Н. Асыловқа.
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
Е.С. Сәденовке.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі
Ғ.Б. Бейсембаевқа
 
ТЕРГЕУ ӘДІЛ ЖҮРГІЗІЛІП, АШЫҚ СОТ БОЛЫП, ҚЫЛМЫСКЕРЛЕР ҚАТАҢ ЖАЗАСЫН АЛУЫ ТИІС!
 
Қазір қоғамдағы қылмыстың өршіп тұрғаны белгілі. Қылмыс жасарып, мектеп оқушыларына жетті. Маңғыстау облысындағы Құрық ауылындағы құрыққа көнбес күнделікті балалар төбелесі, Ақтөбедегі бала өліміне әкелген қырғын, Павлодардағы бір топ бұзақының бір баланы жабылып сабауы, Өскемен мен Зайсандағы қыздардың әлімжеттігі, оқушыларды жәбірлеп, тізерлетіп қойып, ақша бопсалауы тб өршіп тұр. Есірткінің өзі мектептерде сатылады деген ақпарат баспасөзде жүр. Балалар суициді бойынша әлемде алдыңғы орындамыз. Бұл туралы Бас прокурор арнайы мәлімдеме де жасады.
 
Ал қоғамда үлкен резонанс тудырған 4 қазандағы Талғардағы 16 жасар Шерзаттың қайғылы қазасы, одан соң оның үйін өртеп жіберу - елімізде халықты қорғай алатын әділетті полиция бар ма, жоқ па деген басты сұрақты тудырады?!.
 
Шерзаттың үйіне неге күзет қойылмаған?
Ішкі істер министрі тергеу барысын бақылауға алғасын ол үйге күзет қойылып, оған құмырсқа да, ит те кіре алмауы керек қой. Ал хайуаннан бетер жауыз жайбарақат үйге кіріп, өртеп кетеді!?
Ал сонда полицияның күзеті қайда болған? Митингіге шыққан шал-кемпірге ғана шамасы келетін полиция неге қаралы үйді қорғамаған?
Өйткені, полиция қаралы үйді емес, қылмыс жасағандардың үйін күзетіп тұр!?.
“Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап” дегендей, есі кірген полиция енді үйді емес, өртеніп кеткен үйдің үйіндісін күзетіп тұр… Қасақана өртеу фактісі ресми расталды.
 
Министрдің қандай жеке бақылауға алғандығын қайдам, жергілікті қылмыскерлердің істі жеке бақылауға алғаны министрдікінен де күшті болып шықты. Қылмыскерлер қаралы үйді министрдің бақылауымен қосып өртеп жіберді?!
 
Бұл полиция, құқық қорғау органдарына түкіріп қою ғана емес, жалпы билікке, қоғамға қарсы қағылған дабыл! Бұдан артық қайда барамыз! Заңсыздықтың бәріне заңды тоқтау салатын уақыт жетті!
 
Енді істі Бас прокурор қадағалауына алды... Бұл қадағалаудың қай жерге дейін жететінін бір құдай біледі, уақыт көрсетеді...
 
Шабуыл жасалып жатқанда, Шерзаттың әкесі полицияға, 102-ге хабарласқан, бірақ ешкім келмеген? Түнгі 2-де келді деп жазуда. Осынша уақыт полиция қайда болған? «Жедел жәрдем» де келмей, қансырап жатқан ұлын ауруханаға әкесі өзі алып барған. Полиция да, «жедел жәрдем» де өз уақытында келсе, Шерзат аман қалар еді...
 
Шабуыл жасаған 13 адамның басында 7-еуі, кейін шу болғасын 3-еуі ұсталды, тағы 3-еуі қайда? «Екі көлікпен келген қылмыскерлердің ішіндегі екі әйел мен дәу қара жоқ»-деген Шерзаттың әке-шешесі бастап, тұрғындар қостап, халық митингіге шықты. Аудандық полиция бастығының сөзінше ол әйелдердің «төрт баласы бар» екен? Төрт баласы болса, ондай әйелдер түнгі төртте неге біреудің алты баласының тұңғышын өлтіруге белсене қатысып жүр?!. Олар неге бостандықта? Сонымен шабуыл жасаған 13 күдіктінің 3-еуі бостандықта сайрандап жүр? Қылмыскерлерді тайраңдатып қойып отырған кімдер? Бәріміз де 13-ке дейін санай аламыз, 13 қылмыскер қамалып, ашық сотта 13 қылмыскер тұруы тиіс және әділ де, қатал жазасын алуы керек! Шерзататың әкесі бейнеүндеуде мәлімдегендей, тергеудің әділ жүргізілмей жатқаны, баласынан айрылып, қайғыға батып отырған отбасын түн ортасында тергеуге шақырып алып, өктем сөйлеу, қылмыскерлер ұлын өлтірген мылтықты полицияның бұлардың дүкенінен іздеуі деген не сұмдық?
 
Өздері қаралы жандарды телефон арқылы қорқытып жүргендер кімдер? Марқұмның қазасы мен үйінің өртенуіне кінәлілер деп, әлеуметтік желіде өріп жүрген ақпараттар мен бейне материалдарға неге жауап жоқ әлі?
 
Неге Шерзаттың әкесі ауданнан, облыстан көшіп кетуге мәжбүр болып, видео жасауда? Бұл «Ұрысы мықты болса, иесі жазықты болады» дегеннің нақ өзі емес пе?


.Талғар ауданында заң орындары, құқық қорғау орындары бар ма? Аудандық, қалалық, облыстық әкімдіктер осы уақытқа дейін не істеп келген, қазір не істеп отыр? Осындай ел көкейіндегі көп сұрақтарға нақты жауап жоқ! Елдің наразылығы мен алаңдауын басу үшін прокуратура мен полиция неге өз уақытында есеп беріп тұрмайды?! Халық биліктің, полицияның тірліктері мен жауаптарына қанағаттанбауда!! Анасының құшағында жатып, әкесі мен бауырларының көз алдында қылмыскерлер қолынан өліп кеткен Шерзатты - Ішкі істер министрі, генералдар, әкімдер, шенеуніктер өз баласындай көріп, қабырғалары қайысуы қажет! Керісінше, қайғылы қазадан кейін 11 күн өткенде, бүгін ғана 15 қазан күні өткізген облыстық прокуратура мен облыстық полиция департаментінің брифингінде көрсетілген күдікті видеоның мақсаты не? Шерзаттың отбасы осы видеоны сұрап ала алмай жүрген. Ал “бұл видеоны бүгін қиып-жонып, өздеріне керегін ғана қалдырып шығарып, жариялап отыр". Бұл туралы бүгін енді Шерзаттың әжесі бейне үндеу жасады. Қайғыға батып, қан жұтып, аяулы немересінен айрылған, отбасы түгел содырлардан соққыға жығылып, полициядан қысымға ұшырап, зорға сөйлеп отырған әженің сөзін тыңдау өте ауыр… Бүгін Талғар қаласының әкімі мен әкімнің орынбасарын орнынан алыпты. Қалада тәртіп орната алмаған басшылардың орнынан кеткені дұрыс. Ал құқық қорғау органы басшылары ше? Жергілікті жерде қылмыстың өршітіп қойған облыстық, аудандық полиция басшылары орнында отыра бере ме? Қылмысты құрықтау алдымен солардың ісі емес пе?! Ең алдымен осыларды орнынан алғанда бүгінгідей ел түгел наразы болып жатқан құйтырқы видео шықпас еді… Ал Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы осы қайғылы оқиғадан сәл ғана бұрын Ішкі істер бірінші вице-министрі болып өсіп кеткен?!. Ішкі істер министрлігіне түбегейлі реформа жасалмаса, кешегі полицияның бүгінде еш өзгермегенін айқын көріп отырмыз? Елдің ішкі істер саласына сенім кредиті түгел жойылған. Мемлекет басшысының «Біздің елімізге заң үстемдігі және азаматтық тәртіп аса қажет» деп талап еткен “заң мен тәртіп қағидасы” қашан орнайды? Үкімет не істеп отыр? Бұдан бұрынғы депутаттық сауалымызда айтқандай, үкіметті, министрлер мен әкімдердің бәрін бір жаққа алып кетсе, елде ешнәрсе де өзгермейді. Ендеше, президенттің тапсырған заң қағидасын елде орната алмайтын, халықтың тілінде сөйлей алмайтын үкіметтің не керегі бар?!. Қазақ қашан қаралы үйге тас лақтырып еді? Ал қазір қайғылы қазаға ұшыраған шаңырақты өртеп жіберуге дейінгі жауыздыққа барып отыр! Бұл біздің талай жыл зарлап келе жатқан «Ұлттық идеология болмаса, ешнәрсе дамымайды!»-деген сөзіміздің маңыздылығын көрсетеді! Бұл формуланың айқын дәлелі - кешегі билік ойына келгенін істеген отыз жылдағы заңсыздық пен әлеуметтік теңсіздік! Талғар трагедиясы да осының «жемісі». Ұсыныстар: Талғардағы қайғылы қазаға кінәлілер түгел қатаң жазасын алуы тиіс! Қылмысқа жол берген мемлекеттік органдар қызметкерлері тегіс жауапқа тартылуы тиіс. Сот ашық және әділ өтуі тиіс! Мектептердің бәрінде балалар тәртібі қатаң қолға алынуы тиіс. ҚР Парламенті Мәжілісі депутатары Қазыбек ИСА, Азат ПЕРУАШЕВ.