Пандемия кезінде де мейрамхананың артқы есігінен тығылып кіріп, той жасадық
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев «Хабар» арнасының «Талқы» бағдарламасында халықты тойды ысырапсыз жасауға шақырды.
Дастарханның өзін қарайықшы. Әйтеуір бәрі тойып жеу керек, толып тұру керек. Содан кейін 6 сағат отырамыз. Дастарханнан көп жағдайда тамақ артылып қалып, оны пакеттерге бөліп, таратады. Кейбір адамдар 2-3 пакеттен алып кетеді. Ер-азаматтардың өздері дастархан басында әйелдермен бірге жанталасып жатады. Біріншіден, дәл осы тамаққа келгенде ысырапшылдықты азайтуымыз керек. Екіншіден, тойға 300-400 адам жинайды. Сен олардың бәрін танымайсың. Тойға тек жақындар жиналуы керек. «Ананың, мынаның көңілі қалмасын», «Ұят болмасын», «Ренжіп қалмасын» деп 200-300 адамды жинап аламыз, - дейді ол.
Депутаттың пікірінше, халықтың пандемиядан сабақ алуы керек еді. Алайда сол індет өршіп тұрған кезде де мейрамхананың артқы есігінен тығылып кіріп, 50-80 адамға той жасағандардың болғаны мәлім.
Пандемиядан кейін осы үрдіс сақталып қала ма деп ойлап едім. Бірақ жоқ, біз қайтадан сол бұрынғы той жарысына кірісіп кеттік, – дейді Дәулет Мұқаев.
Ал дарақылықты дархандық деп ойлайтын жұртқа бәрібір. Ертедегі Абай айтқан «бекер мал шашпақтық» қазір өршімесе, саябырламаған.