Джибути жағалауында мигранттар мінген кеме апатқа ұшырап, 109 адам қаза тапты

57

Munarmedia.kz. 13.10.2026. ASTANA-Джибути жағалауында Йеменге бет алған мигранттар мінген кеме аударылып, кемінде 109 адам қаза тапты. Тағы 116-дан астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза тапқандардың арасында 15 бала бар.

Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) мәліметінше, қайғылы оқиға 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні Обок қаласының маңында болған.

Кемеде шамамен 350 адам болған. Олардың 80-нен астамын құтқару мүмкін болды. Аман қалғандардың барлығы — Эфиопия азаматтары. Құтқарылғандардың бір бөлігі Обок қаласындағы мигранттарға көмек көрсету орталығына орналастырылған.

Африка мүйізі аймағынан шыққан ондаған мың мигрант жыл сайын Джибути мен Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы Йеменге өтіп, одан әрі Парсы шығанағындағы елдерге жетуге тырысады.

Халықаралық көші-қон ұйымы бұл бағытты әлемдегі ең қауіпті көші-қон жолдарының бірі деп санайды. Қауіпті теңіз өткелдері мен адам тасымалдайтын кемелердің жағдайы мигранттардың өміріне үлкен қатер төндіреді.

#Munarmedia #Джибути #Мигранттар #КөшіҚон #ТеңізАпаттары #ХалықаралықКөшіҚон