Munarmedia.kz.28.11.2026.ASTANA
25 қарашада Түркістан облысындағы «Жібек жолы» және Ташкент облысындағы «Ғишт-Көпірік» өткізу бекеттерінің жаңартылған инфрақұрылымы пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне Қазақстанның қаржы министрі Мәди Тәкиев пен Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, экономика және қаржы министрі Жамшид Қочқоров қатысты.
Жаңғырту жұмыстары аясында жалпы аумағы шамамен 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынды. Кіру жолақтарының саны екіден алтыға дейін көбейтіліп, паспорттық бақылаудың автоматтандырылған жүйелері мен заманауи тексеру жабдықтары орнатылды.
Жаңартылған бекеттер жолаушылар ағыны ең жоғары кезеңде тәулігіне 100 мың адамға дейін өткізуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, 2024 жылы «Жібек жолы» өткізу бекеті арқылы 11 миллионнан астам адам өткен. Сондықтан оның қайта іске қосылуы екі елдің азаматтары, тасымалдаушылар мен туристік сала үшін маңызды.
Жобаның негізгі мақсаты – шекарадан өту уақытын қысқарту, туристік бағыттарды дамыту және екі ел арасындағы жолаушылар қатынасын кеңейту.
Өткізу бекеттерін жаңғырту Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шекара инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Бұл жұмыс екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайтуға да бағытталған.
#Қазақстан #Өзбекстан #ЖібекЖолы #Шекара #ТүркістанОблысы #Туризм #Munarmedia





