Munarmedia.kz.28.11.2026.ASTANA

«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы екінші ұсталған қызметкердің лауазымдық мәртебесіне қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.

Компанияның ресми мәлімдемесінде кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында тағы бір топ-менеджердің ұсталғаны туралы тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні айтылған.

«Аталған қызметкер компания департаменттерінің бірінде бас менеджер қызметін атқарады және компанияның жоғары басшылығының құрамына кірмейді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының директоры Қуаныш Омарбеков пен департаменттің бас менеджері Байқұловтың ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлаған болатын.

ҰҚК мәліметінше, күдіктілерді қамауға алу туралы шешім тағылған айыптардың сипаты мен ауырлығын ескере отырып қабылданған. Сондай-ақ бұл шара ықтимал сыбайластар мен куәгерлерге қысым көрсетуге, дәлелдемелерді және қылмыстық жолмен алынған мүлікті жасыруға жол бермеу мақсатында қолданылған.

#Қазатомөнеркәсіп #ҰҚК #Қазақстан #Қоғам #Munarmedia