Munarmedia.kz. 14.10.2026. ASTANA-Германияның Кёльн қаласында роботтың кәмелетке толмаған қызға сексуалдық сипатта тиісуіне байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. BILD басылымының хабарлауынша, биіктігі шамамен 1,2 метр болатын робот 16 жастағы қызға артынан жақындап, бөксесіне қол тигізіп, сексуалдық сипаттағы қимылдар жасаған.
Оқиға 11 қазанға қараған түні, түн ортасына аз уақыт қалғанда, қала орталығындағы мейрамхананың маңында болған. Сол сәтте қыз екі құрбысымен бірге жүрген.
Алдын ала мәлімет бойынша, роботтың 16 жастағы иесі мен оның 19 жастағы танысы оқиғаны видеоға түсіріп, құрылғының әрекетін дауыстап түсіндіріп, әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген болуы мүмкін.
Полиция шақырылғаннан кейін құқық қорғау қызметкерлері оқиғаға қатысы бар адамдарды жақын маңнан тапқан. Алайда роботты көліктің жүксалғышына жасырып қойған. Полицейлер құрылғыны және күдіктілердің екі ұялы телефонын тәркілеген.
Қазір тергеушілер роботтың қалай басқарылғанын және оның қозғалысын біреудің әдейі бағыттаған-бағыттамағанын анықтап жатыр. Полиция сексуалдық сипаттағы тиісу күдігі бойынша тергеу бастаған.
#Германия #Кёльн #Робот #ҚұқықБұзушылық #ЖасандыИнтеллект #Munarmedia