Munarmedia.kz.09.10.2026.ASTANA-Астанада балаларды халықаралық футбол турниріне қатыстыруды сылтау етіп, ата-аналарды алдаған адам сотталды. Қылмыстық іс бойынша тоғыз жәбірленушіге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 24 млн теңгеден асқан.
Астана қаласының прокуратурасы хабарлағандай, сотталған адам ата-аналарға жас футболшылардың Испанияға «барлығы қамтылған» тарифі бойынша сапары ұйымдастырылатынына уәде берген.
Ол халықаралық турнирге қатысу жарнасын төлеу, әуе билеттерін сатып алу, визалық қызметтерді рәсімдеу, балаларды алып жүру және спорттық киімдер сатып алу сияқты шығындарды сылтау етіп, ата-аналардан ақша жинаған.
Алайда іс жүзінде өзіне алған міндеттемелерін орындамаған. Тергеу материалдарына сәйкес, ол жиналған ақшаны өз қалауы бойынша пайдаланған.
Сот қандай жаза тағайындады?
Сот үкімімен айыпталушы үш жыл екі ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал сотталған адамнан өндіріп алынды.
Прокуратура ата-аналарға ескерту жасады
Астана қаласының прокуратурасы балалардың шетелдегі спорттық жарыстарға қатысуын ұйымдастыру кезінде сақтық танытуға шақырады.
Ата-аналарға сапарды ұйымдастырушылардың өкілеттіктерін, турнирге ресми шақырудың, тиісті келісімшарттардың, әуе билеттерінің және брондауды растайтын құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеру ұсынылады.
Сондай-ақ ірі көлемдегі ақшаны тек ауызша уәделерге сеніп бермеу керектігі ескертілді.
Балалардың спорттық арманы мен ата-аналардың сенімін жеке пайдасына пайдалануға жол бермеу үшін кез келген халықаралық сапарды ұйымдастыру кезінде құжаттардың заңдылығына және төлемдердің ашықтығына ерекше назар аудару қажет, – деп ескертеді прокуратура.