70-ке толған шағында Еуразиялық үштік серкесі, олигарх Александр Машкевичтің жағдайы мүлде нашарлады. Былтыр ол миға операция жасатып, қатерлі ісікті сылып тастаған болатын. Алайда метастаздар Александр Антонұлын оңайшылықпен жібермеген сияқты.
Олиграхтың отбасымен қатар, оның өкіл баласы деп аталған, ERG корпорациясында оң қолы болған Алдияр Қазтаевтың мұраны басып қалу амбициясы байқалады.
Машкевичтің бұл жағдайы Қазақстанға қалай әсер етеді? Редакция есебінше әсері бар. Және Стати ісін тезірек шешудегі республика ұмтылысының бір ұшығы осы ERG мәселесіне тірелген.
Қазақстан Үкіметі ERG корпорациясының ірі акционері ретінде 40% акция ұстап отыр. Қалған 60% үлес олигархтардың Еуразиялық үштігінің (Машкевич, Шодиев, Ибрагимовтың отбасы) қолында. ERG ресми түрде Люксембургта тіркелген.
Анатол мен Габриель Статилер Қазақстанды халықаралық аренада сотқа бере бастағанда, Люксембург соты ERG-дің өз акционері ретінде Қазақстанға төлейтін дивидендтерін бұғаттап тастаған болатын. Қазір ол дивидендтер сомасы 400 миллион доллар, немесе 188 миллиард теңгеден кем емес. Үкіметке Машкевич тірі тұрғанда Стати ісін шешіп, шотты бұғаттан босатып, бюджет қажетіне осы дивидендті алып алу өте маңызды болып тұр.
Машкевич денсаулығымен бірге ERG жағдайы да нашарлай бастады. Қазір ERG қарызы шамамен 7,5 миллиард долларға жеткен. Тіпті операциялық табысы артқан жылдары жаңа қарыздары да түсініксіз схемамен еселей артатынын көріп отырмыз. Әсіресе корпорацияның Қазақстандағы кәсіпорындарының барлығы ресейлік банктерден үсті-үстіне несие алып, қарызға батып қалған. Ертең АрселорМиттал Теміртаудағыдай жағдай туындаса, мемлекет осы кәсіпорындағы банкроттық шырмауын шешу үшін тағы да түрлі жол іздеуге мәжбүр болады.
Бұл өте маңызды сұрақ. Машкевич менеджменті ERG корпорациясын қаншалықты тиімді басқарды? Себебі, 40 пайыз үлесті біздің мемлекет ұстап отырғандықтан қате менеджерлік шешімнің салдары бәріміз үшін өте ауыр болмақ.