Меккеде қаза тапқан қажылардың саны 1300-ден асты
Аталған министр Мемлекеттік Al Ekhbariya телеарнасына сұхбат беріп, 95 қажы ауруханаларда ем алып жатқанын, олардың кейбірі бас шаһар Эр-Риядқа ұшақпен жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ министр қайтыс болған қажылардың көбінің жеке басын куәландыратын құжаттары болмағандықтан, олардың кім екенін анықтау жұмыстары кешіктіріліп жатқанын мәлімдеді. Министрдің сөзінше, марқұмдар Меккеде жерленді.
Мысыр билігі рұқсатсыз қажыларға Сауд Арабиясына баруға көмектескен 16 туристік фирманың лицензиясын қайтарып алған. Сауд Арабиясы билігі қажылыққа рұқсатсыз барушылардың жолын кесіп, ондаған мың адамды елден шығарды. Бірақ көбі, негізінен мысырлықтар, Меккедегі және оның айналасындағы қасиетті жерлерге жаяу жеткен. Рұқсат етілген қажылардан айырмашылығы оларда аптап ыстықтан жан сақтайтын қонақүйлері болмаған.
Associated Press агенттігінің мәліметінше, қайтыс болғандардың арасында Индонезиядан 165, Үндістаннан 98 және Иорданиядан, Тунистен, Мароккодан, Алжирден, Малайзиядан ондаған қажы бар. Сонымен қатар АҚШ екі азаматының қайтыс болғанын хабарлады.
Сауд Арабиясының Ұлттық метеорология орталығының мәліметі бойынша, биылғы қажылық кезінде тәуліктік жоғары температура Мекке мен оның айналасындағы қасиетті орындарда 46 - 49 градус аралығында болды.
Сауд Арабиясы көпшілікті бақылауға және жылдағы бес күндік қажылыққа баратындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге миллиардтаған доллар жұмсайды екен. Алайда қатысушылардың көптігі аталған шараларды тиісті деңгейде жүзеге асыруды қиындатып отыр.