Түркістан облысы, Келес ауданы, Ескіқорған ауылының оқушылары 60 жыл бұрын салынған ескі мектепте оқып жатыр. Мүлде жөндеу көрмеген мектепте екі кабинет қана бар. Асхана, кітапхана, акт залы не спорт залы жоқ. Едені шіріп, қабырғасы құлап, төбесі түсіп қалған. Тіпті бірнеше жыл бұрын оқушының басына сылақ құлап, миы шайқалыпты. Ал қыс кезінде көмір жағылса қос кабинет көк түтін болады дейді.
Бұл мектепте балалар 4-сыныпқа дейін ғана оқиды. Одан кейін 5, 7 шақырым қашықтықта орналасқан көрші ауылдың мектебіне барады.
Ал облыстық білім басқармасы мектеп құрылысы биыл қыста басталады дейді. Дегенмен қолданысқа қашан берілетіні белгісіз.