Құдай-ау, бұ қазақтың басынан қашан, қай күні мұң мен сордан арылатындығын бір ғана Көктегі Құдай біледі.
Әйтпесе, көз ашқалы көріп келе жатқан бейнет, мехнат азап. Отыз үш жыл бұрын жеке ел болдық деп, күшеніп сөйлеп, мінбеде ірі сүйектеніп көрінген қазақтың алды қараңғы болғалы тұр.
Бүгін бір ақпаратқа көзім түсіп, денем тітіркенді. Сонымен, «Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар статистикасы бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр деп басталады. Әрі қарай бүй дейді;
Ақмола облысында 2023 жылы жатыр мойны обырының 109 жағдайы, 2022 жылы 87 жағдай, 2024 жылдың 7 айында 50 науқас әйел тіркелген. Жыл сайын ауру көбейіп келеді, сонымен қатар 2023 жылы 36 әйел, 2022 жылы 33 әйел қайтыс болған» деген ақпаратты оқып отырып, бұл тағы не деп үңіле түстім.
Біздің һәм халықтың дені мен саулығын ойлаған мемлекет, алдағы қыркүйек айынан бастап 11 жастағы мектеп оқушыларына оның ішінде қыздарға вакцина екпекші екен.
Бастапқыда екпемен 11 жастағы 175 мыңнан астам қызды қамту жоспарлануда. Әлемде бұл екпеге сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел өздерінің ұлттық егу күнтізбесіне осы екпені енгізді. Орталық Азиядағы көрші елдердің ішінде екпені Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан енгізген дейді.
Әншейінде ауру баласына қаражат сұраса, Үкімет мыңқ етпей қалатындығын біліп жүрміз. Күн сайын әлеуметтік желілерде шетелге балаларын емге апара алмай зар қаққан ата-аналарды көргенде көзінен жас шықпайтын мейірімсіз ақжағалылар осындай вакцинаға келгенде ләппайлап шыға келеді.
Жалпы қазаққа вакцина керек пе? Қызылша, тағы басқа қауіпті ауруларға қарсы вакцина керек. Бірақ, мына вакциналардың қандай қасиеті бар, шынымен-ақ «сүт безі обыр ауруынан» аналар көз жұмып жатыр ма? Неге біздің елдің шетелде «Болашақ» бағдарламасымен оқығандары бұл аурудың жолын кесетіндей қауқар танытпайды!?
Басқа жолы жоқ па?
Емханаға барсаңыз ырғын кезектен табаныңыз талып, ауру үстіне ауру жалғайсыз.
Ауруханада орын жоқ. Портал деп тағы шығады. Ал енді вакцинаға келгенде алдарына қара салмайтындар, ертеңгі күні болашақ аналарымызды мүгедек қып тастамасына кім кепіл!?
Неге екендігін білмеймін. Өзімізді жарылқамай отырып, бізге шетелдіктерді мысал ете қалады. Әлде сорлы қазақты осылай сорпасын шығарып құртып, биікте отырғандар шетелге кетіп мұрттарын майлап сыртымыздан қарап отырмақшы ма? Өз елімізде тұрып, өзіміздің жеке басымызға билігіміз болмаған соң «Сөз бостандығы» бөз бостандығына айналған соң, ашынып айтып отырмын.
Ертең он бір жастағы қыздарға «вакцина алмадың» деп мектепке жолатпай қойса, амалсыздан қауқарсыз қазақ күңіреніп жүріп, бармақ тістеп қалмаса екен. Алдымен дәлел, дәйегімен дәлелдеп берсін! Қазақты ""зертхананың қояны"" қылмай. Өзі өспей жатқан халқымызды.
Ашынасың, ызаланып отырғаннан басқа айтар уәж жоқ!
Сонымен он бір жастағы қыздарға вакцина екпекші. Айтпақшы, кешегі ковид кезінде вакцина алғандар аурудан шықпай қойды. Соның бірі менмін. Экспримент жасайтындай біз соншалықты дәреже, дәргейіміз төмендеп кетті ме???
Әу Алло! Ағалар бұған не деп жауап бересіздер?
Бұл жалпыға ортақ сұрақ!..
Бурабайдың Жеңісі.