Өзбекстанда шамамен 15 миллион азаматтың жеке деректері интернетке тараған

23


Munarmedia.kz 04.02.2026 /Астана-Өзбекстанның Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігі өз деректер базасына кибершабуыл жасалғанын ресми түрде растады. Агенттіктің хабарлауынша, шабуыл агенттіктің ескірген ақпараттық жүйесіне бағытталған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Ведомство азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдап жатқанын және тексеру нәтижелері бойынша қоғамға қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін желіде Өзбекстанның кемінде 15 миллион азаматының жеке деректері мемлекеттік ақпараттық жүйелерден тарап, кейін даркнетте жарияланғаны туралы мәліметтер пайда болған еді.

Ұрланған деректердің таралуы мен хакерлік шабуылдар туралы ақпарат жарияланатын форумдардың бірінде электронды үкіметтің негізгі аутентификация жүйесі саналатын OAuth-сервердің бұзылғаны айтылған. Соның салдарынан оны сенімді авторизация көзі ретінде пайдаланған барлық сайттар мен жүйелерге қауіп төнген. Олардың қатарында жоғары оқу орындары, саяси партиялар, коммуналдық төлем платформалары, құқық қорғау органдары, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің кадрлық жүйесі бар.

Сонымен қатар, азаматтардың медициналық деректері сақталған Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің (IHMA) жүйесі толықтай бұзылғаны хабарланды. Ал Ішкі істер органдарына тиесілі IIV.UZ жүйесінен деректердің таралуы да электронды үкіметтің OAuth-серверіне жасалған шабуылмен байланыстырылады. Мұндай жағдай Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің (STAT.UZ) және Ипотеканы қайта қаржыландыру компаниясының (UZMRC.UZ) жүйелеріне де әсер еткен.

Көпшілікке тараған деректердің басым бөлігінде азаматтардың аты-жөні, телефон нөмірі, тұрғылықты мекенжайы, электронды поштасы және паспорт нөмірі секілді жеке мәліметтер бар екені хабарланды. Бұл туралы Daryo басылымы жазды.

Ал Kurbanoff.net Telegram-арнасының мәліметінше, аталған деректер 2023 жылға тиесілі.

Анонимді болуды қалаған IT-маман хакермен байланыс орнатуға тырысқанын айтып берді. Ол деректерді жою және осалдықты жоюға көмектесу үшін 200 мың еуро ұсынған. Хакердің айтуынша, бұған дейін онымен Өзбекстанның киберинциденттерге әрекет ету қызметі — UzCERT өкілдері де хабарласқан, алайда дәл осы соманы естіген соң байланыс үзілген.

Өз кезегінде Өзбекстанның Ұлттық статистика комитеті халық санағына қатысты азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдеді.

— Деректер ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес қорғалған, олардың сыртқы көздер арқылы таралуы мүмкін емес, — делінген ресми хабарламада.

Сондай-ақ халық санағы барысында азаматтардың фотосуреттері деректер базасына енгізілмегені атап өтілді.