Париждегі Жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан спортшылар жүзден астам медальді қайтарып берді, себебі олар бүлініп кете бастаған. Бұл туралы Lettre басылымы хабарлады.
Соңғы айларда кейбір спортшылар медальдердің, әсіресе қола медальдердің сапасының төмендігін әлеуметтік желілерде сынға алды. Алғашқылардың бірі болып француз жүзушісі Максим Груссе мен Олимпиадада қола медаль алған америкалық скейтбордшы Найджа Хьюстон медальдердің бүлінгенін жариялады.
Хьюстон медальді аз уақыт тағып жүргеннен кейін оның бүлініп, үстінде жарықшақтар мен тат пайда болғанын айтып, «Олимпиадалық медальдердің сапасы әлдеқайда жоғары болуы керек» деп мәлімдеді. Кейінірек француз жүзушілері Клеман Секки мен Йоанн Ндой-Бруар да медальдердің сапасын сынға алды.
Бұл сындар мен медальдерді жаппай қайтару Париждегі Монета сарайында (медальдерді жасаумен айналысқан мекеме) үлкен алаңдаушылық туғызды. Lettre мәліметінше, мекеме үш өндіріс және сапа директорын қызметтен босатқан.