Munarmedia.kz. 18.08.2026. ASTANA Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ұлттық экономиканы дамыту және бюджет жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров және Қаржы министрі Мәди Такиев қатысты.
Мемлекет басшысына ел экономикасының қазіргі ахуалы, сондай-ақ 2027-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы баяндалды. Сонымен қатар 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет параметрлері қаралды.
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім көрсеткіштеріне қол жеткізудің және республикалық әрі жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Президент 2027-2029 жылдарға арналған бюджеттің негізгі басымдықтарының бірі ретінде инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды алдын ала салу қажеттігін айтты.
Олардың қатарында ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары бар.
Мемлекет басшысы бюджет қаражатын тиімді жоспарлап, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді іске асыруға бағытталған шығыстардың теңгерімділігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
#Munarmedia #Қазақстан #Астана #ҚасымЖомартТоқаев #Ақорда #Экономика #Бюджет #БюджетЖоспарлау #ҰлттықЭкономика #ӘлеуметтікЭкономикалықДаму