Мемлекет алдағы төрт жылда лудомандар санын екі есе қысқартуды жоспарлап отыр.
2024 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 350 мың адам күнделікті ақша тігіп, құмар ойындар ойнайды. 2026 жылға қарай лудомандар саны екі есе қысқарады деп жоспарланып отыр. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 шілде күні тиісті заңға қол қойды.
Жоспар бойынша 2024 жылы лудомандар саны 10 пайыз немесе 35 мың адамға, 2025 жылы 20 пайыз немесе 63 мың адамға, 2026 жылы 20 пайыз немесе 50 400 адамға қысқартылмақ. Алматы қалалық №2 емхананың психологы Айжан Бертаева балалардың желідегі өміріне қазірден бастап мұқият қарамаса, олар болашақта лудоман болуы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ ол көпшілік шатастыратын "ойынға тәуелділік" пен "лудоманияның" айырмашылығы мен ұқсас тұстары туралы әңгімеледі.
– Лудомания мен ойынға тәуелділіктің айырмашылығы қандай?
– Ойынқұмарлық – бұл гаджеттердегі цифрлық ойындарға деген тәуелділік. Мұны "ойынға тәуелділік" деп атаған дұрыс. Ал лудомания – қаржылай марапатқа ие болу мақсатында құмар ойындар ойнау. Әдетте онда бәс тігіледі. Бұл екі патологияның өзара ұқсастығы көп. Химиялық тәуелділік болып саналмайтын ойынға тәуелділік пен лудоманияның келесідей ұқсастықтары бар:
Шынайы өмірден қашу. Геймер де, ойынқұмар адам да өмірде аса тартымды емес, олар көштің соңында қалған адамдар болуы мүмкін. Ал виртуалды әлемде олар өзін мінсіз етіп көрсете алады.
Анозогнозия. Кез келген тәуелділік астарында ауруды мойындамау жатыр. Адам критикалық ойлау қабілетінен айырылып, ойынды өзінің басты жоспарларынан, әлеуметтік парызынан жоғары қояды. Ойынға тәуелді адам, тіпті, уақыт үнемдеу үшін дәретхана бармауы, тамақ ішпеуі мүмкін. Ол түнімен ұйықтамайды. Ал лудоман үйінде бар бағалы заттардың бәрін сатып, соңғы ақшасына дейін жұмсайды.
Жеңіл жолмен ақша табу. Бұрын құмар ойындар ойнайтын азамат қана ақша ұтып алуды мақсат тұтатын. Өкінішке орай, қазір жағдай мүлдем өзгерді. Интернеттің арқасында қазір онлайн ойындардан да ұтыс алуға болады.
– Мамандар арасында "тәуелділік ешқашан емделмейді, тек оны алмастыра аламыз" деген пікір бар. Бұл рас па?
– Қазір солай екені рас. Дегенмен уақыт өте келе толық емін табатынымызға сенімдімін. Ойынқұмар адамдар көп жағдайда бұл қызығушылығынан бас тартуға тырысады. Өз денсаулығына, отбасылық өміріне қауіп төніп тұрғанын білген соң, бастапқыда бұл қолдарынан келеді. Өкінішке орай, осы сәтте көбісі иллюзияның құрбаны болады. Әдетте осыдан кейін "тізгінді жіберіп алады да", тағы бір рет ойнап көруге шешім қабылдайды, "өзімді кез келген уақытта тоқтата аламын" деп қателеседі.
Informburo.kz