Путин: AZAL ұшағына зақым зымыранның бөлшектерінен емес, жарылыс кезінде шашылған сынықтардан келген

21



Munarmedia.kz | 11.10.2025 | Астана Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан астанасы Душанбеде Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесу барысында AZAL әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатына қатысты егжей-тегжейлі ақпарат берді. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.

— Алғашқы телефон әңгімемізде бұл қайғылы оқиғаның Ресей аспанында орын алғаны үшін кешірім сұрап қана қоймай, қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айттым, — деді Путин.

Ол Ресей тарапы апатты тергеу ісіне барлық жағынан көмек көрсетіп жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, апаттың себептері Украина тарапынан ұшырылған пилотсыз ұшу аппараттарымен байланысты болуы мүмкін. Сол күні Ресей әуе кеңістігін үш украиналық дрон кесіп өткен.

— Екінші себеп — Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінде техникалық ақау туындағаны. Екі зымыран ұшырылды, бірақ олар тікелей ұшаққа соқпаған. Егер тура соққы болғанда, әуе кемесі сол жерде-ақ құлаған болар еді. Ал бұл жағдайда зымырандар шамамен 10 метр қашықтықта жарылған, бәлкім, бұл — өзін-өзі жою режимі болуы мүмкін, — деді Ресей басшысы.

Оның айтуынша, ұшаққа зақым әуе шабуылына қарсы зымырандардың тікелей соққысынан емес, жарылыстан ұшқан сынықтардан келген. Бұған ұшқыштың оқиғаны құс үйірімен соқтығысу деп қабылдағаны да дәлел бола алады.

Сондай-ақ, экипажға Махачкалаға қону ұсынылғанымен, ұшқыштар өздері тіркелген әуежайға қайтуды шешкен.

Путиннің мәлімдеуінше, апат себептері "қара жәшік" жазбалары мен өзге де деректерді жан-жақты талдау нәтижесінде анықталған. Ресей тарапы апатқа қатысы бар лауазымды тұлғалардың әрекетіне заң аясында баға беретінін де айтты.

— Мұндай ауыр жағдайларда қажет болатын барлық шараларды Ресей тарапы қабылдайды, оның ішінде өтемақы мәселесі де бар, — деп түйіндеді Ресей президенті.