Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Қайта құрылған төрт облыстың статистикасы қалай өзгерді

42
Абай облысы Халық саны 1 мамырдағы статистика бойынша облыс халқының саны – 606,4 мың. Оның ішінде қала тұрғыны – 372,9 мың (61,5%), ауыл тұрғыны – 233,5 мың (38,5%). Қаңтар-сәуір аралығында халықтың табиғи өсімі 1409 адам болған. Дүниеге келгендер саны 3177 адам болса, қайтыс болғандар саны 1768 адамға жеткен. 2023 жылдың алғашқы 4 айында табиғи өсім көрсеткіші 1388 адам еді. Дегенмен көші-қонда теріс сальдо қалыптасып отыр – «-2550 адам». Оның ішінде 672 адам Қазақстаннан тысқары кетсе, 2283 адам өзге өңірге көшкен. 2023 жылдың қаңтар-сәуірінде көші-қон сальдосы «-1434 адам» еді. Жұмыссыздық пен табыс 2024 жылдың 1 маусымындағы статистикаға сүйенсек, өңірдегі жұмыссыздар саны 12,5 мыңға жеткен. Бұл – жұмысқа жарамды адамдардың 3,9%-ы деген сөз. 2024 жылғы I тоқсандағы жағдай бойынша облыстағы орташа айлық 322 830 теңге деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы көрсеткіштен 114,2% жоғары көрінеді. Статистика мамандары бұл есепті жүргізген кезде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын адамдар, шағын кәсіпорындардың көрсеткіштері ескерілмегенін ескертеді. Ал 2023 жылдың төртінші тоқсанында облыс халқының жан басына шаққандағы орташа ақшалай табысы 168 246 теңге деп есептелген. Бұл 2022 жылдың төртінші тоқсанындағы көрсеткіштен 14% жоғары. Экономика 2023 жылдың 12 айында аймақтың жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн 34 млрд 101,7 млн теңгеге жеткен. Демек, 2022 жылмен салыстырғанда 5,8% өсім бар. Биылғы қаңтар-мамыр аралығында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 725 352,9 млн теңге болды. Бұл – 2023 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 1,3% көп. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 1,4% артса, ауыл шаруашылығында 2,2%, құрылыс жұмыстарының көлемі 9,6% асқан. Бес айда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 98 387,9 млн теңге болған. Бұл – 2023 жылдың бес айындағы көрсеткіштен 24,7% аз. 1 маусымдағы жағдай бойынша өңірде 8 367 заңды тұлға (кәсіпкерлер мен компаниялар) тіркелген. Бұл – былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 2,1% көп. Оның ішінде 8089 кәсіпорында жұмысшылар саны 100 адамнан аз. Алайда тіркеудегі 8 3367 кәсіпорынның 6775-і ғана жұмыс істеп тұр. Алматы облысы Халық саны 2024 жылғы 1 мамырда облыс халқының саны 1 540,6 мың болып тіркелген. Оның ішінде қалалықтар – 248,3 мың (16,1%) болса, ауылдықтар – 1 292,3 мың (83,9%). Жылдың төрт айында табиғи өсім 7 702 адам болған. Былтырғы төрт айда бұл көрсеткіш 7 475 адам еді. Қаңтар-сәуір аралығында бала туу көрсеткіші 3,4% өссе, шетінеу жиілеген - 4,5%. Бұл өңірде көші-қонның оң сальдосы тіркеліп отыр. 1 698 адамның 1002-сі өзге елдерден келген. Жұмыссыздық пен табыс 2024 жылғы I тоқсанда жұмыссыздар саны 34,8 мың адамға жеткен. Бұл – жұмысқа жарамды тұрғындардың 4,6%-ы деген сөз. Облыстағы орташа айлық атаулы жалақы 309 548 теңге деп есептелген. 2023 жылдың I тоқсанындағы статистикаға қарағанда 12,2% өсім бар. Былтырғы IV тоқсанда облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 136 253 теңге болған. Бұл – 2022 жылғы IV тоқсанға қарағанда 14,4%-ға жоғары. Экономика 2023 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 4 трлн 974 млрд 850,1 млн теңге болған. Бұл – 2022 жылдың көрсеткішінен 2,4% артық. 2024 жылдың бес айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 726 млрд 329,5 млн теңге болып, 2023 жылғы көрсеткіштен 3,3% артты. Бес айда негізгі капиталға 203 млрд 671,1 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл – 2023 жылдың бес айындағы көрсеткіштен 2,9% жоғары. 1 маусымдағы жағдай бойынша 20 360 кәсіпорын тіркелген. Бір жылда бұл көрсеткіш 6,4% өскен. Оның ішінде 17 392 кәсіпорын нақты жұмыс істеп тұр. Жетісу облысы Халық саны 1 мамырдағы статистика бойынша, облыс халқының саны 697 мың адам болған. Оның 311 мыңы (44,6%) қалада, 386 мыңы (55,4%) ауылда тұрады. Төрт айдың ішіндегі халықтың табиғи өсімі 2 556 адам болған. Былтырғы төрт айда бұл көрсеткіш 2 615 адам еді. Төрт айдағы туу көрсеткіші 2023 жылдың төрт айымен салыстырғанда 1,1% артып, өлім-жітім 6,6% өскен. Теріс көші-қонның айырмасы «-3736 адам» болған. 2023 жылғы қаңтар-сәуірде бұл дерек «-2233 адам» еді. 3 815 адам өзге өңірлерге көшіп кеткен. Олардың орнына шетелден 79 адам қоныс аударған. Жұмыссыздық пен табыс 2024 жылғы I тоқсанда Жетісу аймағындағы жұмыссыздар саны 15 046 мың адам болған, яғни еңбекке жарамдылардың 4,8%-ы жұмыссыз жүр деген сөз. Облыстағы орташа айлық 270 205 теңге деп есептелген. 2023 жылдың I тоқсанына қарағанда 9,7% өсім бар. 2023 жылдың IV тоқсанында облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 127 446 теңге болған. Бұл – 2022 жылдың IV тоқсанына қарағанда 18,1% жоғары. Экономика 2023 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 923 млрд 707,9 млн теңгеге жеткен. Демек, 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 16,2% өскен. 2024 жылдың бес айындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 119 млрд 400,8 млн теңге болып, 2023 жылдың бес айындағы көрсеткіштен 2,4% кем түскен. Бұл кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 84 млрд 605 млн теңге, яғни оның алдындағы жылдың бес айындағы көрсеткіштен 21% жоғары болған. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 8 294 кәсіпорын тіркелген. Оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 6 674 кәсіпорын. Ұлытау облысы Халық саны 1 мамырдағы ресми дерек бойынша облыс халқының саны 221,6 мың адам болған. Оның 175,6 мыңы (79,2%) қалада, 46 мыңы (20,8%) ауылда тұрып жатыр. Төрт айдағы халықтың табиғи өсімі 805 адам болған (2023 жылдың қаңтар-сәуірінде 841 адам). 1413 адам дүниеге келсе, (2023 жылғы қаңтар-сәуірге қарағанда 2,7% аз), 608 адам қайтыс болған (2023 жылғыдан 0,5 % аз). Көші-қонның теріс сальдосы «-800 адам» болды (2023 жылғы қаңтар-сәуірде «-535 адам»). 5 адам Қазақстаннан тысқары кетсе, 795 адам өзге өңірге көшкен. Жұмыссыздық пен табыс I тоқсанда жұмыссыздар саны 4 174 мың адам болып, еңбекке жарамды халықтың 4,2%-ын құрады. Орташа айлық көлемі 501 624 теңге деп есептелген. Бұл – 2023 жылдың көрсеткішінен 11,3% көп. 2023 жылғы IV тоқсанда облыс халқының орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 291 600 теңге болған. Бұл - 2022 жылғы көрсеткіштен 23,2% жоғары. Экономика 2023 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн 949 млрд 728,3 млн теңге болған. ЖӨӨ 2022 жылғы көрсеткішінен 21,1% өскен. 2024 жылғы қаңтар-мамырда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 475 млрд 859,7 млн болып, 2023 жылғы көрсеткіштен 1,9% асқан. Аталған кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 61 млрд 267,2 млн теңге болып, 2023 жылғы көрсеткіштен 14% асқан. Тіркелген заңды тұлғалар саны – 2 969. Бұл былтырғы көрсеткішпен бірдей. Бұлардың ішінде 2 876 кәсіпорындағы жұмысшы саны 100-ден кем. Ал нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың саны – 2 642.