Былтыр соққыға жығылып, қайтыс болған қарағандылық 19 жастағы Нұржан Беріктің қайғыдан қан жұтқан анасы әділдік іздеп, Мемлекет басшысына хат жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Қайтыс болған жігіттің анасы бұл қылмыстық оқиғаға кінәлілердің барлығы әділ жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайды.ОҚИҒАНЫҢ МӘН ЖАЙЫ
Туыстарының айтуынша, Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің 19 жастағы студенті Нұржан Берікті ағасы Арманмен бірге былтыр 30 сәуір күні Қарағанды қаласындағы “Tedd” рестобарының алдында бір топ жігіт жабылып ұрып, өлтірген екен. Марқұмның әжесінің айтуынша, бір топ жігіт екі немересін тепкінің астына алған. Және жанжалды бастаған жігіттің әкесі ҰҚК-да жұмыс істейді екен. Марқұмның туыстары тергеудің бұрмаланып, сот процесінің де әділ өтпеуіне осы жайт себеп болып отыр дейді.
Марқұмның анасы Айгүл Рахымбекованың айтуынша, Ерсін Мақашев есімді жігіт ағайындыларды далаға алып шығып, тағы бірнеше досы Сабур Нұритдинов, Әлібек Тілемісов және Шәріп Нұрмағамбетовті қасына шақырған. Жігіттер арасында төбелес шығып, ағайындылар аяусыз соққыға жығылған. 19 жастағы Нұржан Берік алған соққыдан сол жерде-ақ көз жұмған. Оның беті мен кеуде тұсы қатты зақымданған.
Бұл іс бойынша сот процесі биыл наурыз айында басталған. Қазір қамауда бір ғана адам – 25 жастағы Сабур Нуритдинов қана отыр. Өйткені, тергеушілердің айтуынша, студентті өлімші етіп ұрған сол ғана.ТЕРГЕУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Жуырда осы атышулы іс бойынша сот процесі аяқталды. Прокурор Ольга Кирьянова судья Алексей Аннан сотталушы Сабур Нуритдиновты 106-баптың 3-бөлімі «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бойынша 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сонымен қатар прокурор сотқа сот тергеуінің қорытындысы бойынша жаңа айыптау актісін жариялады. Онда Нуритдинов негізсіз, мән-жайды түсінбестен, бұрын Нұржан Берікпен таныс емес болғандықтан, өзі көрген, яғни досы Ерсін Мақашевтың қауіпсіздігіне қатер төндірген жағдайды ойдан шығарылған оқиға ретінде қабылдағанын көрсетті. Сотталушы олардың әңгімесіне дөрекі түрде араласып, әдепсіз сөздер айтқан.
Прокурор Кирьянова сотталушының қисынсыз агрессия көрсеткенін айтып, дөрекі түрде тарап кетуді талап еткенін жеткізді.
Прокуратура анықтағандай, 19 жастағы Нұржан Берік сотталушыға ағасы Арман Рыспек пен Ерсін Мақашев арасындағы әңгіме жүріп жатқанда «Ағам сөйлесіп біткенше күте тұрыңыз» деп сыпайы үн қатқан.
Алайда сотталушы Нуритдинов дауыс көтеріп жағдайды реттемек болған әрекетінен еш нәтиже шықпаған соң, марқұмға өзінің дене бітімінің ірілігіне қарамастан күш қолданып, жұдырық ала жөнелген.
НЕГЕ 8-АҚ ЖЫЛ?
Жәбірленуші тарап прокурордың соттан 8 жыл сұрағанымен келіспейді. Мұны ең төменгі жаза дейді. Бұл бап бойынша сотталушыға 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Десе де мемлекеттік айыптаушы Ольга Кирьянова іс бойынша ауырлататын мән-жайлар жоқ екенін айтқан.
Қазір “Патриот” қозғалысы бұл істі өз бақылауына алған.
ЫҚПАЛДЫ АДАМНЫҢ ҰЛЫ
Төбелеске қатысушылардың барлығы тек куәгер, олардың ішінде адам өліміне әкелген төбелестің ұйымдастырушысы әрі ұйытқысы саналатын Ерсін Мақашев те бар. Ulysmedia.kz тілшісіне Айгүл Рахымбекованың айтуынша, Мақашев ағайындыларды сыртқа арнайы шығарып алып, жолдастарын шақырған, олардың арасында жалғыз айыпталушы Сабур Нуритдинов дене бітімі ірі бұрынғы спортшы.
А.Рахымбекова Мақашевтың сот отырысында отырмағанына наразы. Оның айтуынша, Мақашев ықпалды адамдардың баласы, сондықтан ол жазадан құтылған.
ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ
Ал Нұржанның ата-анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Марқұмның анасы Айгүл Рахымбекова мен әкесі Жастілек Рыспеков Мемлекет басшысынан осы мәселені бақылауға алуды сұрайды. Хатта ата-аналар мен олардың адвокаттары судья Алексей Анға сотталушының достары да осы ауыр қылмысқа сыбайлас болғанын айтып, жауапқа тартылу керектігін айтқан.ҮКІМ
Жәбір көруші тараптың айтуынша, бұл іс бойынша сот үкімі 16 тамызда шығады. Сотталушының қорғаушылары істі ҚР Қылмыстық кодексінің 104-бабы (Абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша қарауды талап етуде. Осы бап бойынша айыпталушыға бас боостандығын шектеу немесе үш жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мақашевтың өзін жауапқа тарту әлі қарастырылып отырған жоқ.
Ulysmedia редакциясы 16 тамыздағы соттағы оқиғаларды бақылауға алып, оқырмандарды болып жатқан оқиғалардан хабардар етеді. Қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев та бұл жағдайды назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз. Тілші мән-жайды анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сауал жолдады.
НҰРЖАН БЕРІК ЖАЙЛЫ
Нұржан Берік Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың экономика факультетінде білім алған. Ол үздік студенттердің бірі болған. Музыкалық аспаптарда ойнап, түрлі іс-шаралар мен концерттерде жүргізуші болған. Шешендік өнер курстарын аяқтаған. Экономика факультетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы еді.