Садықовқа қастандық жасады деген күдіктілердің бірі ұсталды
22 маусымда мекеме сайтында жарияланған хабарда "21 маусымда А.М. Жақанбаев Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына өз бетінше хабарласып, одан істің мән-жайы бойынша жауап алынды. Сол күні ол осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталды" делінген.
Күдіктінің қай жерде ұсталғаны айтылмаған. Бас прокуратура "тергеу мүддесі үшін" басқа ақпаратты жарияламайтынын ескерткен.
Прокуратура екінші күдікті Мейрам Қаратаевтың "орналасқан жерін анықтау үшін" жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазақстан ақпарат құралдары Қаратаевтың Қостанай облысында полиция қызметкері болып жұмыс істегенін жазған. Қазақстан ішкі істер министрлігі оны 2019 жылы жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
21 маусымда Украина бас прокурорының кеңсесі ұлттық полиция Жақанбаев пен Қаратаевты Қазақстан билігі жайлы сыни материалдар жариялайтын "Бәсе" YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовқа қастандық жасаған күдіктілер деп атаған.
Украина қауіпсіздік күштерінің мәліметі бойынша, "белгісіз адамнан тапсырыс алған" 33 жастағы Қаратаев пен 36 жастағы Жақанбаев 2 маусымда Киевке барып, жалдамалы пәтерлерде тұрып, қылмысты жасауға дайындалған. Іс материалдары бойынша, 18 маусымда олар Киевтің Шевченко ауданындағы Садықов тұратын үй маңына барып, ол аулаға көлікпен келгенде тапаншадан оқ атқан. Бұдан соң олар оқиға орнынан кетіп, тапаншаны зообақ маңына тастаған.
Оқиға болған кезде Айдос Садықовпен бірге болған, бірақ өзі жапа шекпеген әйелі Наталья Садықова бұл қылмысты Қазақстан билігі ұйымдастырды деп мәлімдеген. Оның айтуынша, бұл – Садықовтар жүргізетін "Бәсе" арнасының видеоматериалдары үшін кек алу әрекеті.
Қастандық болған күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайтқа байланысты дипломаттар мен күштік құрылымдарға тапсырма бергенін, елдің мемлекеттік органдары "ақиқатты ашуға ат салысу үшін тергеуге қатысуға" дайын екенін мәлімдеді. Жұма күні Қазақстан бас прокуратурасы арнайы жедел іздестіру тобын құрып, тергеу бастағанын және қылмысты ашып, күдіктілерді ұстау мақсатындағы шараларды қолға алғанын хабарлаған.
56 жастағы Айдос Садықов қастандықтан бері ауруханада жатыр, самайына оқ тиген оған операция жасалған.
Қазақстанда оппозициялық белсенді болған Айдос Садықов және әйелі Наталья Садықова балаларымен 2014 жылы Ақтөбеден Киевке көшкен. Олар Украинада босқын мәртебесін алған.