Munarmedia.kz ақпаратық-танымдық медиа портал
N/A Астана
USD 467.29
Menu

Сарсаңға салған синтетика

41

Қазақстанда наркологиялық есепте 18 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның 1,5 мыңыәйел болса, 66-сы – кәмелетке толмағандар.Жыл басында халықаралық World Population Review ұйымы есірткіні көп тұтынатын елдердің рейтингін жариялады. Қазақстан 8-орында екен. Ұйым сарапшылары жыл сайын қолдануға тыйым салынған заттарды тұтынатын елдердің тізімін жариялап отырады. Олар рейтингті шығаратын кезде БҰҰ-ның есірткі туралы мәліметтеріне, ДДҰ-ның сараптамалық мәліметтеріне сүйенеді.

Рейтингтегі алғашқы он елге назар аударсақ. Есірткіні ең көп тұтынатын елдердің көшін АҚШ бастап тұр екен. Сарапшылардың бағалауы бойынша, ондағы барлық халықтың 6 пайызы есірткі тұтынады. Осының кесірінен штат тұрғындарының өмірі 6,7 жылға қысқарады екен. Екінші орында – Эстония. Эстониялық нашақорлар өмірінің 5 жылын жоғалтады. Үшінші орында – Белорусь елі. Олар 4,1 жыл аз өмір сүреді. Тізімді ары қарай Моңғолия, Канада, Гренландия, Ресей жалғастырады. Ал Қазақстан 8-орында. Сарапшылардың орташа есебі бойынша қазақстандық есірткіге әуестер өмірінің 3,7 жылын жоғалтады. Халықаралық ұйымның жасаған тізімі ақиқаттан алыс емес секілді.

– Қазақстанда наркологиялық есепте 18 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның 1,5 мыңыәйел болса, 66-сы – кәмелетке толмағандар. Бірақ елдегі нашақорлардың нақты саны бұдан 10 есе көп, яғни 200 мыңнан асып түседі. Сондықтан біз бұдан былай бірден тіркеуге алу бойынша әкімшілік жауапкершілікті арттыруды көздеп отырмыз. Ал дәл қазіргі уақытта  есепке алу жұмыстары тек пациенттердің келісімімен ғана жүзеге асырылады, – деп мәлімдеген болатын ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары

Бақытжан Әмірханов. Оның айтуынша, ведомствода есірткі заттарын пайдаланатындарды есепке мәжбүрлі түрде алу жоспарлануда.

Қазақстанда 700-ге жуық есірткі түрі кездеседі

Жалпы, әлемде есірткінің мыңнан астам түрі таралған. Біздің елімізде соның 700-ге жуық түрі кездеседі. Мамандар Қазақстандағы есірткі айналымын негізінен каннабис шикізаты, героин және синтетикалық есірткі құрайды дейді.  

Еліміз Тәуелсіздік алғанымен, шекарамызды бекітіп, етек-жеңімізді жинап жатқан үлгермей жатқан сонау 1990 жылдары Қазақстанда апиын, гашиш, марихуана емін-еркін таралды. Осы кезде атышулы ауған героині үлкен сұранысқа ие болды. Есірткінің бұл түрі Қазақстанға партия-партия болып жеткізілді. Ал 2000 жылдардың басында героинге тәуелділік артты, соңыра  синтетикалық каннабиноидтар айналымға шықты. Ал бүгінде елдің есін алып, санасын улап, сергелдеңге салған синтетика Қазақстанға сонау 2015 жылдары келе бастады.

Қазір елімізде синтетикалық есірткілерді тарату жүйесі күрделі әрі көп деңгейден тұратын схема бойынша жүзеге асырылады. Ең алдымен синтетикалық есірткілерді өндіруге қажетті химиялық заттар мен жабдықтар көбінесе шетелден заңсыз жолмен жеткізіледі. Олар елімізде арнайы жасырын лабораторияларда жасалады. Мұндай лабораториялар қалаларда, ауылдық аймақтарда, тіпті пәтерлерде де болуы мүмкін. Өндірілген есірткі жасырын қоймаларда сақталады. Ал оны таратудың өзі бірнеше деңгейде жүргізіледі. Бірінші деңгейде үлкен партиялар аймақтық диллерлерге жеткізіледі.  Ал екінші деңгейде есірткіні шағын бөліктерге бөліп, ұсақ дилерлер мен тұтынушыларға таратады. Сатудың өзі онлайн және офлайн түрде жүргізіледі. Соңғы жылдары синтетикалық есірткілер интернет арқылы кеңінен сатылып жүр. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер, DarkNet (көлеңкелі интернет) платформалары тапсырысты қабылдап, курьерлер үйге дейін жеткізіп береді.

– Әсіресе, оңтүстік өңірлерімізде, ірі көлік-логистикалық тораптарда орналасқан – Алматы және Жетісу облыстары мен Алматы қаласы. Биыл аталған облыстарда синтетикалық есірткі өндіретін зертханалардың негізгі бөлігі байқалды. Жыл басынан бері құқық қорғау және арнайы органдармен 33 есірткі зертханасы жойылды. 10 тоннадан астам прескусорлар тәркіленді. Осылайша, тұтынуға дайын 1 тонна есірткі затының өндірісіне жол берілмеді. Бұл шамамен 3 млн бір реттік доза және мыңдаған адамның өмірін құтқару әрекеті, – деген болатын Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев.

Елімізде синтетикалық есірткілерді өндірумен негізінен ірі қылмыстық топтар айналысады. Мұндай ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және басшылық жасағаны үшін биыл 11 қылмыстық іс қозғалған. Олардан 2 мың тоннаға жуық есірткі, оның ішінде 234 келі синтетикалық есірткі тәркіленген. Осылайша Қазақстан есірткі өндірісінің ауқымы жағынан Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші орында тұр. Бүгінде Қазақстан синтетикасы Қырғызстан мен Өзбекстанның нарығын жаулап үлгерген.  

ІІМ-нің мәліметінше қазір есірткі таратуға 13 пен 15 жас аралығындағы балалар тартылып жатыр. Құқық қорғаушылардың сөзінше, қылмыстың бұл түрі мессенджерлер арқылы жүзеге асатындықтан жолын кесу қиын.  Мамандар бұл ретте балаға жауапкершілікке 16 жастан бастап тартылатынын, есірткі саудасы үшін 10 жылдан бастап, өмір бойына сотталатынын түсіндіру қажет деп санайды.

Есірткі – олжалы бизнес көзі

         Елімізде есірткі бизнесінің гүлдеп тұрғанын мына статистикалық деректерден-ақ байқауға болады. Мәселен, соңғы бес жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 10 келіден бір тоннаға дейін өскен. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылы – 10 келі, 2020 жылы – 50 келі, 2021 жылы – 100 келі, 2022 жылы – 582 келі, 2023 жылы – 1 тонна 40 келі синтетикалық есірткі тәркіленген. Яғни, елімізде кейінгі бес жылда тәркіленген есірткі көлемі 55 есе артқан. Есірткінің мұндай көлемде, тез әрі жылдам таралуына интернет сайттары мен телеграмм каналдары «үлес» қосып отыр. Мұндай каналдар мен сайттарды ІІМ қарасты органдары бақылауға алып, бұғаттап отырады. Министрлік әрбір жетінші есірткі қылмысы интернет арқылы сатумен байланысты екенін мәлімдеді. «Киберқадағалау» жүйесі бір жылда мыңға жуық сайтты жапқанымен, олардың саны азаяр емес.  Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап отыр. Өйткені жаңа сайт ашу оп-оңай, көп уақыт алмайды. Есесіне  ондай сайттарды анықтау қиын әрі ұзақ уақыт керек. Сонымен қатар көбінесе есірткі бизнесін ұйымдастырушылар шетелде отырады. Алайда осыған қарамастан нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынып отыр. Бағдарлама нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақмерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15 пайыздан 20 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26 пайыздан 30 пайызға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланып отыр. Бір ғана мысал, биыл 1 наурыздағы дерек бойынша, елімізде Telegram желісінде есірткі сататын 24 интернет дүкен және жалпы аудиториясы 50 мыңнан асатын 12 жарнамалық бот жойылған. Бұл есірткімен күрестің бір ғана мысалы.  

Есірткімен күрес тоқтамауы керек

         Ұлт болашағына қауіп төндіретін есірткімен  күрес тоқтамауы керегін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айтады. Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде:

«... Әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек. Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын, – деген болатын Президент.

Президент тапсырмасын орындаған Мәжіліс депутаттары мамыр айының басында есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады.

Мемлекет басшысы өз бақылауында ұстап отырған есірткі саудасының жолы кесіліп, оңай олжаға кенелгісі келгендер біртіндеп тұзаққа түсе бастады. Осыдан тура бір апта бұрын 4 өңірде есірткі зертханаларының ірі желісі жойылды.

– Жалпы қала көшелеріне синтетикалық есірткінің 11 мыңға жуық дозасының таралуына тосқауыл қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 6 келіден астам синтетика заңсыз айналымға жіберілмеді, 4 тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. ІІМ қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын азаматтарға алғыс білдіреді және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыратын болады. Бірлесіп қана біз қалаларды қауіпсіз етіп, балаларды есірткі қаупінен қорғай аламыз, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Ресми өкілдің айтуынша, 2024 жылы есірткі бизнесіне байланысты 2 064 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Есірткі таратудың 517 дерегі тоқтатылған. Бұл жағдайдың бәрінде әрбір үшінші дерек интернет арқылы іске асырылғаны анықталып отыр.

– Есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды. Төрт ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ жойылды. Олар синтетикалық заттарды сатумен және жеткізумен айналысқан. Қылмыстық топты ұйымдастыру және оған мүше болу әрекеті бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды. Оның аясында 66 келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар 16 есірткі зертханасы анықталып, жойылған. Оның тең жартысы синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан. Алматы қаласында – 4, Алматы облысында – 3, Шымкентте бір зертхана анықталып, жойылды, – деп мәлімдеді Шыңғыс Алекешев.

Ішкі істер министрлігі тәркіленген препарат көлемінің жыл сайын артып келе жатқанына алаңдаушылық білдіріп отыр. 2024 жылдың алғашқы үш айында барлығы 225 келі синтетикалық зат тәркіленген.

Есірткімен күресте айрықша белсенділік танытып отырған қалалардың бірі  – Астана. Бүгінде қалалық Полиция департаменті интернет-ресурстар арқылы таратылатын синтетикалық есірткі түрлерін өткізу және жеткізу фактілерін анықтауда белсенділік танытып отыр. Мәселен, биылғы 5 айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 528,  ал есірткі сату бойынша 132 дерек анықталған. Заңсыз айналымда жүрген 62 келі есірткі заттары тәркіленген.

Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Алия Қибатқызының айтуынша, 2022-2024 жылдар аралығында елордада 9 есірткі зертханасының қызметі анықталып, жолы кесілген. Бүгінде Қазақстанда есірткі нарығында өсімдік тектес дәстүрлі препараттарды (марихуана, гашиш және т.б.) синтетикалық «дизайнерлік препараттармен» ауыстыру белсенді түрде жүріп жатыр дейді полиция қызметкері.

Елордада синтетикалық есірткіге қатысты 206 факті анықталған. Бұған қала тұрғындары мен еріктілердің қосып отырған үлесі зор. Азаматтардың белсенділігінің арқасында биыл дәрі-дәрмек сататын 50 веб-сайт бұғатталған, сонымен қатар, граффитиді жарнамалайтын онлайн дәріхана дүкендері жойылған. Нашақорлардың санын азайту мақсатында жасөспірімдер мен жастар арасында профилактикалық жұмыстары да күшейтілуде.  Полиция  департаменті әкімдікпен, басқа да мүдделі органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп 214 профилактикалық іс-шара (акциялар, семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, спорттық іс-шаралар, конкурстар) өткізген. Аталған шаралар Астана қаласы әкімінің бастамасымен жүзеге асып жатқан 2023-2025 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала!»  атты жоспар аясында орындалып отыр.  

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні. Осы орайда Астана қаласының полиция қызметкерлері нашақорлықпен күрес күніне арналған айлық өткізуде.

Аталған іс-шара нашақорлық мәселесіне қоғамның назарын аудартуға, жасөспірімдер мен жастардың мәселелерін кешенді шешуге, салауатты өмір салтын ұстанудың тұрақты принциптерін қалыптастыруға, сондай-ақ, нашақорларға қажетті медициналық-әлеуметтік көмекке бағытталған.

Жақында Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев: «Келесі оқу жылының басынан бастап (2024 жылғы қыркүйек) есірткіні тұтынудың алдын алу бойынша семинарлар өткізу үшін құқық қорғау органдарының жаттықтырушыларын, психологтарын және уәкілетті қызметкерлерін тарта отырып, орта және арнаулы орта оқу орындарында студенттер мен кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу жоспарлануда»,  – деп мәлімдеді.

Жаза қатаймай, қылмыс азаймайды

Қазақстан есірткі саудасымен тұрақты түрде күресіп келеді.  Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда есірткіге қарсы заңнаманы жетілдіре отырып, оларға қарсы күресті жандандыруды тапсырған болатын.

Қазіргі заң бойынша Қазақстанда есірткіні қолдану қылмыс болып саналмайды. Тек дәмхана, мұражай, кітапхана, пойыз, әуежай мен подъезд сынды қоғамдық орындарда пайдаланғандар ғана жауапқа тартылады. Заң талаптарын бұзған нашақорларға 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады. 

Мамыр айының басында Мәжіліс депутаттары есірткі өндіргендерді өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы заңды бірінші оқылымда  мақұлдады. Осылайша есірткі жасыратындарға қатысты бұрынғы жауапкершілік сақталады, ал зертхана құрғандарға жаза күшейтілмек. Енді есірткі өндіретіндер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Нашақор қалыпты өмірге орала алады

Синтетикалық есірткінің «дәмін» бір татып көргендердің 90 пайызы тәуелді болып қалады дейді мамандар. Өйткені синтетика түрі – есірткінің ең ауыры. Адам оны тұтынған сайын оған тамақ, киім, отбасы керек болмай қалады. Оның бәрінің орнын есірткі алмастырады.

Артур Котенко Шымкент қаласындағы «Ренессанс-Шымкент» оңалту орталығының жетекшісі. Химиялық есірткіге тәуелді науқастармен жұмыс істейді. Жас жігіттің өмір жолы қызық әрі қиын. Қиын дейтінім, өзі бұрынғы нашақор. Қызық дейтінім, қазір нашақорларды емдеуге арналған орталықтың жетекшісі. Артур тағдырдың тұңғиық тереңіне батып бара жатып, қайта бас көтеріп, есін жиып, бойын түзеп, есірткінің құрсауынан босап шыққан жан. Павлодарда өмірге келген ол 22 жасында Екатеринбург қаласына кетеді. Сол жақта 25 жаста ең алғаш рет есірткінің дәмін татады. Әкесінің қазасын көтере алмай, ауырған жанының жарасын кокаинмен басады. Осылайша жарты жылдай жұмысқа барып-келіп, кешкісін есірткісін шегіп, арасында өзіне «демалыс» жариялап, денсаулығын қалпына келтіріп, қайтадан шегу әдетіне айналып кетеді.  

 – Арада біраз уақыт өткеннен кейін өзімнің ашуланшақ, сөз көтере алмайтынымды байқадым, жүйкем сыр бере бастады. Бұрын мен жер қозғалса, қозғалмайтынның бірі едім. Ол кезде кез-келген ұсақ-түйекке күйіп-пісіп, айналама жеккөрінішті бола бастадым. Жүйкемді тыныштандыру үшін маған есірткі ауадай қажет болатын. Кокаинге күнде ақша қайдан табылсын, келе-келе арзан синтетикалық есірткіге тәуелді болып алдым. Осылайша 2 жыл синтетикада «отырдым». Өмірімнің астаң-кестеңі шықты. Үйдегілер менің нашарқор екенімді бетіме басып айтатын болды. Отбасымнан кетіп, пәтер жалдап тұрдым. Істеп жүрген жап-жақсы жұмысымнан шығып кеттім, сүйікті қызыммен айырылыстым, достарымды жоғалттым, соңында қарызға белшемнен баттым. Ары қарай қалай өмір сүру керегін білмедім. Өзіме қол салғым келген кездер болды. Осындай ауыр күндердің бірінде анама келіп көмек сұрадым. «Оңалту орталығына барып емделуден басқа жол жоқ!», – деді анам. Сөйтіп «Ренессанс» наркологиялық орталығында 7 ай емделіп шықтым. Кейін осы жерде арнайы оқудан өтіп, бүгінде орталықта жетекші маманмын. Психологтың оқуын оқып жатырмын. Бұл салаға өзімді тану, зерттеу үшін келдім. Сондай-ақ, химиялық тәуелділігі бар адамдарға барынша көмектесу басты мақсатым, – дейді Артур. 

Артур өмірінің мәнін енді тапқандай. Есірткі құрбандарымен жұмыс істеу, оларды оңалту шараларын жан-жақты жүргізу өзіне ұнайды. «Мен жүрген жолмен жүріп көр. Жығылып, қайта тұрып көр. Түсінгің келсе, сен мені. Мен болып өмір сүріп көр» деп келетін науқастардың жайын, эмоциясын, көңіл-күйін, ішкі сезімдерін Артур жақсы біледі. Өйткені бір кезде өзі де нашақордың кедір-бұдыр жолын жалаң аяқ кешкен.  

Синтетикалық есірткі шеккен адам өзін батыл сезінеді, күші тасып, сенімділігі артып тұрады. Алайда мұның бәрі иллюзия. Адам ағзасы есірткіні аз дозасына да үйреніп, кейін қанағаттанбайтын болады. Доза күшейген сайын адам отбасын, жұмысын, қоғамдағы орнын, қоршаған ортасын ұмыта бастайды. Кейін оған су қалай керек болса, есірткі де солай керек болады, онсыз өмір сүре алмайды. Химиялық тәуелділіктен арылғанның өзінде адам өмір бойы өзімен жұмыс істеп, қайта бастап кетпеуіне назар аударып отыруы керек.   

– Біздің бағдарламаның мақсаты – ағзаны тазалай отырып науқастың психикасын түзету.  Ал басты ережесі – адам өзінің есірткіге тәуелді екенін қабылдап, мойындауы керек. Әдетте есірткіге құмар жандардың қарызы көп болады. Есірткіге есі кеткендердің түбінде барар жері белгілі. Жынданып кетеді, түрмеге түседі немесе өледі, – деп ағынан жарылды Артур Котенко.

«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп осындайда айтылса керек.  Нашақорға күн сайын тығырықтан шығатын жол алыстап кеткендей көрінер. Алайда шырмауықтың шырмауынан құтылуға болады. Ол үшін адамның өзіне деген сенімі, күш-жігері, қайраты, ең бастысы отбасы, туыстары мен достарының қолдауы керек. Осы бағытта қоғамның да нашақорлардан сырт айналып, теріс бұрылмауы маңызды. 

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ