АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинадағы дағдарысты шешу мақсатында Ресейге қатты қысым көрсететінін айтқанымен, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына егжей-тегжейлі мәлімет бермеген.
Вашингтон неліктен Мәскеуге көбірек қысым көрсетпейді деген тілшінің сұрағына жауап берген Трамп:
«Мен өте қатты қысым жасап жатырмын. Мен Ресейге қандай деңгейде қысым көрсетіп жатқанымды сіздер елестете де алмайсыздар», – деп мәлімдеді.
Президент бұл мәселеден Ресейдің ресми тұлғалары мен жағдайды бақылауда ұстап отырғандар толық хабардар екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Ресей Украина дағдарысын шешу үшін қандай ымыраға келуі мүмкін?» деген сауалға Трамп:
«Соғысты тоқтатып, Украинаның бүкіл аумағын басып алудан бас тарту – бұл үлкен ымыра», – деп жауап берді.
АҚШ басшысы өз әкімшілігі Украинаның өзіне де қысым жасап жатқанын айтып, «Біз екі тарапқа да айтарлықтай қысым көрсетіп отырмыз», – деді.