ТЖМ құтқарушылары Ош қаласында опат болған қазақстандықтардың денесін елге әкеледі
Ұшақ бортында төтенше жағдай министрлігінің Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен психологтары бар.
Сонымен қатар бортпен Қырғызстанның сел тасқынынан зардап шеккен тұрғындарына жалпы салмағы 2,7 тонна азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді.
“Кеше Жамбыл облысы төтенше жағдай департаментінің бастығы Арман Тоқанов іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Ош облысы Ноокат ауданының төтенше жағдай аймағына жіберілді. Бұған дейін төтенше жағдай министрлігінің ахуалдық орталығында жедел штаб құрылды. Ондағы мамандар қырғыстандық төтеншеліктермен және біздің елшілікпен тұрақты байланыста”, – делінген хабарламада.
Өскеменде облыстықтөтенше жағдай департаментінің бастығы Рашид Биляловтың үйлестіруімен екі тәулік бойы жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Штаб базасында жергілікті атқарушы органдармен бірге қайтыс болған балалардың туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Қырғызстанда алапат сел жүріп, сегіз адам қаза тапқаны туралы жазған едік. Ішінде екі қазақстандық бала бар.